Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
полиция
Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды / Фото: Полиция

Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды. Жүргізушіні полицейлер арада бірнеше сағат өткенде қолға түсірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлауынша, Көкшетау полицейлері адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына күдікті жүргізушінің жеке басын қысқа мерзімде анықтап, оны тұтқындады.

«Жол апаты 19 қазанда облыс орталығындағы Ташенов көшесінде болған. Volkswagen Vento автокөлігінің жүргізушісі жолдың жарықтандырылған бөлігінде 48 жастағы ер адамды қағып кеткен. Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Соқтығысудан кейін жүргізуші шұғыл қызметтерге хабарламай және зардап шеккен адамға көмек көрсетпестен қашып кеткен», – деп атап өтті ведомстводан.

Күдіктіні жедел іздестіру үшін Көкшетау қалалық полиция басқармасының жеке құрамы мен облыс орталығының айналасында кезекшілікте жүрген патрульдік экипаждар аяғынан тік тұрды. Нәтижесінде ер адамның жүрген жері анықталып, ол кезекші тәулік ішінде ұсталды.

Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, 13 қазанда Қызылордада көлік рөлінде отырған ер адам жол жиегінде кетіп бара жатқан сәбилі келіншекті қағып кеткен еді. Бірақ кері бұрылмастан, оқиға орнынан ізін суытады. Жас әйелдің бес айлық ұлы шетінеді, өзі ауруханаға түсті. 

Сондай-ақ оқыңыз