«Не істеп жүргенін білмейді»: Трамп тағы да Зеленскийге шүйлікті

Дональд Трамп тағы да Владимир Зеленскийді сынап, ол Ресеймен соғысты аяқтағысы келмей отыр деп айыптады. Бұл туралы ол журналистерге берген жауабында айтты деп жазады Kursiv Media.
Ақ үйдегі кезекті брифингте тілшілер Зеленскийдің мәлімдемелеріне көзқарасы жайлы сұраған.
«Зеленский не дейді? Ол не айтып тұрғанын өзі білмейді. Зеленский әлдеқашан осы соғысты реттеуі керек адам еді. Мені тыңдаса, әлдеқайда тиімді келісімге келер едік», – деді Трамп.
Оның сөзінше, Украина атынан келіссөз жүргізетін «басқа адам табатын уақыт келді».
«Біз Украинаға барлау деректерін беріп жатырмыз. Біз өте көп нәрсе береміз. Білесіздер ме, олар бізге түк қайтармады», – деді Трамп.
10 қазанда Америка мен Ресей дизель тасымалына қатысты жаңа келісімнен кейін АҚШ президенті мен Зеленский арасы күрт нашарлап кетті. Сол кезде Трамп Украина әскерінің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын да сынға алып, елге жаңа президент қажет деген ойдың шетін шығарған.
Трамп, Путин және Си кездесуі бола ма?
Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпинмен үшжақты кездесу өткізуді ұсынды. Кездесуді 18–19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін АТЭС саммиті аясында ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Wall Street Journal және Washington Post басылымдары хабарлады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігі талқыланып жатқанын растады. Алайда әзірге кездесудің нақты форматы мен күн тәртібі келісілмеген.
Дональд Трамп журналистерге мұндай кездесуге қатысуға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, тараптар Украинадағы соғыстан бөлек, ядролық қару және қарусыздану мәселелерін талқылай алады.
«Мен мұндай кездесуге қатысар едім. Мұны Украина үшін емес, ядролық қару мен ядролық қарусыздану мәселелерін талқылау үшін өткізген дұрыс болар еді», — деді Трамп.
Сондай-ақ тараптар сауда мәселелерін де талқылауы мүмкін екенін айтты.
Тақырыпқа орай: Трамп Ресейге қарсы қатаң санкцияларды неге кейінге қалдырғанын түсіндірді