Оңтүстік Африкада акула шабуыл жасаған 65 жастағы әйел қаза тапты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Оңтүстік Африкада акула шабуыл жасаған 65 жастағы әйел қаза тапты / Фото: Көркем фильмнен

Оңтүстік Африка Республикасының Шығыс Кейп провинциясындағы КуГомпо қаласында акуланың шабуылынан 65 жастағы әйел көз жұмды. Қайғылы оқиға «Ориент-Бич» жағажайында болған, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.

SABC News хабарлауынша, қаза тапқан әйел Шығыс Лондон ашық су айдынында жүзушілер қауымдастығының мүшесі болған және жалғыз өзі жүзуді ұнатқан. Таңғы сағат 8:00 шамасында ол суға түсіп, көмек сұрап белгі берген.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына бірнеше жүзуші дереу жетіп, екеуі әйелге алғашқы болып көмекке келген. Кейін оларға әйелдің ұлы қосылып, жағаға шығарып алуға көмектескен.

Әйелдің қолында акулаларды үркітетін арнайы магнитті білезік болғанына қарамастан, ол оң қолы мен жамбасынан ауыр жарақат алған.

Жүзушілердің бірі жағажайда шұғыл көмек көрсеткенімен, әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Қайғылы жағдайдан кейін Баффало-Сити муниципалитеті «Ориент-Бич» және «Ист-Бич» жағажайларын белгісіз мерзімге жауып тастады.

Айта кететін жайт, әлемде акуланың 520-ға жуық түрі кездеседі. Қазірге дейін тіркелген шабуылдарға олардың тек он шақты түрінің ғана қатысы бар. 

Сондай-ақ оқыңыз