Петропавлда 6 млрд теңгеге жаңа жедел жәрдем станциясы салынады

Петропавлда жедел медициналық жәрдем қызметіне арналған заманауи кешеннің құрылысы басталды. Жаңа нысан жылына 100 мың шақыруға қызмет көрсетуге есептелген. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңгені құрайды. Қаражаттың басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«24KZ» телеарнасының хабарлауынша, өңірдегі сала қызметкерлері жаңа станцияның құрылысын көптен күткен. Себебі жедел жәрдем қызметкерлері ғасырдан астам тарихы бар ескі ғимаратта жұмыс істеп келген.
Бүгінде Петропавл медициналық қызметіне тәулігіне 500-ге жуық қоңырау түседі, кезекшілікте 12 бригада жұмыс істейді. Билік тарапынан жағдай жасау уәде етілгенімен, дәрігерлердің еңбек жағдайы заманауи стандарттарға мүлдем сай келмейді.
«Бұрын атқора болған»
Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшерлік блок басшысы Екатерина Сотникованың айтуынша, қазіргі ғимарат 1905 жылы салынған.
«Бұл ғимарат 1905 жылы тұрғызылған, кезінде мұнда атқора болған. Кейіннен бұл жерді жедел жәрдем қызметіне берді. Әр шаршы метрін үнемдеп отырмыз. Ауа райы қолайсыз күндері шатырдан су ағып, құрал-жабдықтар мен құжаттарды әрең аман сақтап қаламыз. Демалыс бөлмелерінде де жайлылық жоқ, барлық жер тар», – дейді.
Орталық директоры Юрий Белоногтың сөзінше, бір бөлме бір мезгілде бірнеше мақсатқа пайдаланылады.
«Күн сайын таңғы сағат 8-де осы бөлмеде жиналыс өткіземіз, аудандармен байланысқа шығамыз. Осы жерде персоналды оқытамыз, тренингтер өткіземіз, құрал-жабдықтарымыз да осында тұрады. Бос орын мүлдем жетпейді», – дейді.
Сондай-ақ қызметтік автокөліктерге де орын тапшы. Арнайы машиналардың бір бөлігі далада тұрады. Соның салдарынан қыс мезгілінде көліктерді үздіксіз қыздырып отыруға тура келеді.
Жаңа кешен қандай болады?
Жаңа нысанның қажеттілігі туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келген. Құрылыс жұмыстары қаладағы «Копай» микрорайонында сүрілген жеке сектор үйлерінің орнында басталды.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиеваның мәліметінше, жаңа кешен келесідей инфрақұрылымды қамтиды:
- 4 қабатты әкімшілік және медициналық корпус;
- 20 арнайы автокөлікке арналған жабық гараж;
- Санитарлық машиналарды жөндеу бокстары, қосалқы бөлшектер мен ЖАҒ (ГСМ) қоймасы;
- Халықаралық стандарттарға сай медициналық жабдықтар;
- Конференция залы және симуляциялық оқу орталығы.
Құрылыс жұмыстарын 14 ай ішінде аяқтау жоспарланған. Медицина қызметкерлері тағы бір қысты ескі ғимаратта өткізіп, 2027 жылы заманауи кешенге көшуге үміттеніп отыр.
Елде жедел медициналық жәрдем көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілген еді. Енді ел тұрғындары жедел жәрдем қозғалысын геолокация арқылы онлайн бақылай алады.