Польшада Димашқа арналған радиостанция жұмыс істейді: ата-анасы сұхбат берді

Жарияланды 20 Қазан 2026 14:13

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: Dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат Айтбаев пен Светлана Айтбаева Польшадағы Radio Dimash радиостанциясының қонағы болды. Олар ұлдарының балалық шағы туралы естеліктерімен бөлісіп, Краковтағы концерттен алған әсерлерін айтты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Қанат Айтбаев пен Светлана Айтбаева радиостанцияға Димаштың жаңа DIMENSIONS әлемдік турының алғашқы концертінен кейін барған.

Сұхбат барысында өнер иесінің ата-анасы Димаштың бала кезіндегі қызықты сәттерін еске алып, оның шығармашылық жолы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ поляк халқының қонақжайлығы мен жанкүйерлердің ыстық ықыласына ризашылықтарын білдірді.

18 қазанда Польшаның Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік туры басталған болатын. Концертке әншінің өнерін тамашалау үшін әлемнің әртүрлі елінен жанкүйерлер жиналды.

Польшада Димашқа арналған радио алты жылдан бері жұмыс істейді

Radio Dimash радиостанциясы 2020 жылдың тамызында хабар тарата бастаған. Жобаны Польшаның Dimash Kudaibergen Fanklub Polska жанкүйерлер клубы қолға алған.

Алғашында қазақстандық әншінің шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен радио уақыт өте халықаралық аудитория жинады. Қазір оны Польша мен Еуропаның өзге елдерінен бөлек, Америка және Австралиядағы тыңдармандар да тыңдайды.

Радиостанция эфирінде Димаш Құдайбергеннің әндері ғана емес, Қазақстанның мәдениеті, тарихы мен салт-дәстүріне арналған материалдар да ұсынылады.

Осылайша, поляк жанкүйерлері құрған радио қазақстандық әншінің шығармашылығын әлемге таныстырумен қатар, шетелдік тыңдармандардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген 18 қазанда Краковта концерт берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз