Қайрат Боранбаев Азия Паралимпиада комитетінің президентімен кездесті

Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев Азия Паралимпиада комитетінің басшысы Маджид Рашидпен кездесті. Тараптар Қазақстандағы параспортты дамыту және қысқы паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Ресми кездесу 20 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары аясында өтті. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Кездесу барысында Қайрат Боранбаев пен Маджид Рашид Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитеті мен Азия Паралимпиада комитеті арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту жолдарын қарастырды.
Атап айтқанда, өңірдегі параспортты ілгерілету, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық паралимпиада комитеттеріне қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Қысқы паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға назар аударылды
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Азия елдеріндегі қысқы паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту болды.
Тараптар осы бағытта бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырып, паралимпиадалық қозғалыс аясындағы өзара ынтымақтастықты күшейту жөнінде пікір алмасты.
Маджид Рашид Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалыстың дамуына оң баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы қатысатын спорт түрлерінің саны артып, ұлттық делегацияның құрамы ұлғайған.
Қазақстанда Азия Паралимпиада комитетінің жиыны өткен
Қазақстан мен Азия Паралимпиада комитеті арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары нығайып келеді.
2025 жылғы тамызда Астана алғаш рет Азия Паралимпиада комитетінің конференциясы мен VIII Бас Ассамблеясын қабылдаған болатын. Оған Азия елдерінің ұлттық паралимпиада комитеттерінің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр.
Қазақстан атынан жарысқа спорттың 12 түрінен 152 спортшы қатысып жатыр.