Қазақстан Азия Пара ойындарын тарихи нәтижемен бастады

Қазастан параолимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының алғашқы күнгі нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Ол 14 медаль жеңіп алған қазақстандық спортшыларды құттықтап, 60 жасында жүлдегер атанған Зүлфия Ғабидуллинаға ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды Kursiv Media.
Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық құрамасының жарысты табысты бастағанын атап өтті.
Оның мәліметінше, 19 қазанда қазақстандық спортшылар 14 медаль жеңіп алған. Оның үшеуі – алтын, бесеуі – күміс, алтауы – қола.
«Жарыстың алғашқы күні қазақстандық параспорт үшін нағыз жеңіс күні болды. Еліміздің қоржынына 14 медаль түсті: 3 алтын, 5 күміс және 6 қола. Бұл – Қазақстанның құрлықтық жарыстарға қатысу тарихындағы ең сәтті бастауы», – деп жазды Боранбаев.
Кәсіпкер Азия Пара ойындарының алғашқы күнінде чемпион атанған Давид Дегтярев, Еркін Ғаббасов және Ибрагим Нұрмаханұлын ерекше атап өтті.
Күміс жүлдегерлер қатарында Алина Солодухина, Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова, Тұрсынай Қабыл, Диас Кенжебек, сондай-ақ паражүзуден эстафетада өнер көрсеткен Әли Тұрғанбеков, Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Зүлфия Ғабидуллина бар.
Ал қола медальді Альфия Тілекқабыл, Кирилл Ильюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский, Айжан Берімқұлова, Виктор Волков, Роман Потапов және Станислав Шакиев иеленген.
Боранбаев ел намысын қорғаған әрбір спортшыға алғыс білдірді.
60 жастағы Зүлфия Ғабидуллинаны ерекше атап өтті
Жазбасында кәсіпкер паражүзуші Зүлфия Ғабидуллинаның жетістігіне жеке тоқталды.
«Зүлфия Ғабидуллинаға ерекше құрмет білдіргім келеді. 60 жасында да жарыс жолына шығып, жас ерекшелігі үлкен мақсаттарға жетуге кедергі емес екенін өз үлгісімен көрсетіп келеді. Оның жігері, рухының беріктігі мен спортқа деген адалдығы көпке шабыт береді. Жеңіске деген ұмтылыстың жасқа шектеу қоймайтынын дәлелдейді», – деп жазды ол.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындары Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде үш алтын медаль жеңіп алды.