Қазақстанда клининг мамандарын колледждерде оқытуы мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock

Қазақстанда тазалық қызметі саласына қажетті мамандарды колледждерде даярлау мәселесі пысықталуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыттағы оқыту жүйесін еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс берушілердің нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастыру қажет екенін мәлімдеді. Министрлік бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында хабарлады.

Клининг саласында қандай мамандық бар

Министрліктің мәліметінше, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2023 жылғы 1 қыркүйекте «Клининг» кәсіптік стандартын бекіткен. Құжатта осы сала қызметкерлерінің міндеттері мен біліктілігіне қойылатын талаптар белгіленген.

Кәсіптік стандартта көрсетілген «техник-механик» кәсібін колледжде «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша меңгеруге болады.

Жаңа мамандық ашу үшін не қажет

Оқу-ағарту министрлігі клининг саласына маман даярлау қажеттілігін анықтағанда жұмыс берушілердің сұранысын, өңірлердегі кадр тапшылығын және қызмет көрсету нарығының даму қарқынын ескеретінін хабарлады.

Кадрларға деген болжамды қажеттілікті Еңбек министрлігі қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге айқындайды. Егер клининг саласында мамандарға сұраныс қалыптасса, оларды даярлау мәселесі қосымша қаралады. Сондай-ақ жұмыс берушілерден, салалық қауымдастықтардан немесе мемлекеттік органдардан клининг саласына жаңа мамандық не біліктілік енгізу туралы ұсыныс түссе, ол белгіленген тәртіппен қаралады.

Әзірге клининг мамандарын даярлайтын жаңа мамандық ашылатыны туралы нақты шешім жоқ. Министрлік бұл мәселе еңбек нарығының сұранысына қарай пысықталатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, осыған дейін ЖСДП фракциясының депутаты Нұрайнаш Камалова елдегі клининг саласын заңдастыру және тазалықшылардың қоғамдағы мәртебесін көтеру мәселесін қозғаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз