Қазақстанда жеңіл көлік өндірісі бір жылда 38%-ға өсті

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 136 548 жеңіл автокөлік шығарылды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға артық, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тек қыркүйек айының өзінде отандық кәсіпорындар 19 377 автокөлік құрастырған. Бұл өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 66,4%-ға, ал биылғы тамыз айымен салыстырғанда 35,5%-ға көп.
Өндірістің негізгі үлесі қай өңірлерге тиесілі?
Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік өндірісімен 12 кәсіпорын айналысады. Жеңіл автокөліктерді шығарудың негізгі көлемі екі өңірге тиесілі:
- Қостанай облысы – өндірістің 50,5%-ы;
- Алматы облысы – өндірістің 49,5%-ы.
2026 жылдың 9 айында «Автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер» категориясы бойынша өнеркәсіптік өнім өндірісінің құндық көлемі 1,67 трлн теңгені құрады. Аталған сала бойынша өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,9%-ға жетті.
Қыркүйек айында шығарылған өнім көлемі ақшалай түрде 198,4 млрд теңгеге бағаланды. Бұл көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда 25,7%-ға, ал 2025 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 10,5%-ға жоғары.
Отандық өндіріс қарқын алғанымен, елдегі автопарктің тозу деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстандағы әрбір жаңа автокөлікке 6 ескі көліктен келеді.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елде тіркелген автокөлік құралдарының жалпы саны 6 088,7 мың бірлікке жетті.
Жалпы автопарктің құрылымы келесідей бөлінген:
- Жеңіл автомобильдер — 5 105,4 мың (83,9%);
- Жүк автомобильдері — 496,1 мың (8,1%);
- Тіркемелер — 263,9 мың (4,3%);
- Автобустар мен микроавтобустар — 89,5 мың (1,5%);
- Мотоциклдер — 75 мың (1,2%);
- Басқа да көлік құралдары — 58,7 мың (1%).
Айта кету керек, тамыз айында есепке қойылған жеңіл автомобильдердің басым бөлігін, яғни 28%-ын шығарылғанына 20 жылдан асқан ескі көліктер құраған.