Микроқаржы ұйымы 18 өңірде азаматтарды алдап соққан

Қаржылық мониторинг агенттігі ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымындағы алаяқтық әрекетті анықтады. МҚҰ 18 өңірде азаматтарды микрокредит беру кезінде алдап соққан, деп жазады Kursiv. Media.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылғы тамыздан бастап ұйым клиенттерге ақылы кеңес беру қызметін ұсынған. Оның құны берілетін қарыз сомасына қарай есептеліп, негізгі берешекке қосылған.
Клиенттерге бұл қызметке ақы төлемесе, микрокредит ала алмайтынын немесе қарызды қайтару мерзімін ұзарта алмайтынын айтқан. Ал ақылы қызметтен бас тартуға болатыны ескертілмеген.
Соның салдарынан азаматтар қолына алуға тиіс ақшадан аз сома алғанымен, қарызды толық көлемде, сыйақысымен бірге қайтаруға міндетті болған. Ал қарызды өтеу мерзімі ұзартылған сайын ақылы кеңес беру қызметі қайта рәсімделіп отырған.
Тергеу дерегіне сәйкес, 43 мың азаматпен ақылы кеңес беру қызметіне қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалған.
Осы іске байланысты микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Бөліп төлеуге алынған қарыздың бәрі несие тарихында жазылуы мүмкін