Қосшыдағы пәтерлердің бағасы Астанадан да қымбат болады – сарапшы

Қосшыдағы жылжымайтын мүлік бағасы алдағы 1-2 жылда Астанадан да асып түсуі мүмкін. Мәселен, Қосшыға дейін баратын LRT жүйесі іске қосылған соң қаладағы пәтерлер тағы 20-30%-ға қымбаттайды. Халықаралық инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин осындай болжам жасады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Kapital.kz» іскерлік ақпарат орталығына берген сұхбатында сарапшы алдағы уақытта Қосшы тіпті Астана қаласының құрамына еніп кетуі мүмкін екенін айтты.
Лев Тетиннің айтуынша, Астанадан тартылып жатқан LRT желісінің құрылысы Қосшыдағы баспана нарығына қазірдің өзінде әсер ете бастаған. Құрылыс компаниялары мұнда жаңа әрі сапалы жобаларды іске асыруға кірісті.
«Соңғы екі жылда Қосшыда баға белсенді түрде өсті, әсіресе жер телімдері екі есе қымбаттады. Бүгінде мұнда шаршы метрдің құны 350 380 теңгені құрайды, ал бұған дейін баға 20-30%-ға төмен еді. Астанада орташа көрсеткіш 580 мың теңгені құрайды», – деді сарапшы.
Оның бағалауынша, LRT станцияларына жақын тұрғын үй иелері шаршы метрдің құнын 5-10%-ға қымбаттата алады. Ал Қосшыда LRT іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш тіпті жоғары болады.
«Алдағы бір-екі жылда Қосшыда баспана бағасы тағы 20–30%-ға өседі деп ойлаймын. Мұндағы бағаның өсу динамикасы Астанамен салыстырғанда екі есе жылдам. Қордаланған сұраныс пен көлік қолжетімділігінің жақсаруы есебінен баға карқынды өседі», – деп күтеді Лев Тетин.
Оның болжамынша, осы факторлардың барлығын ескере отырып, Қосшы қаласының мәртебесі өзгеруі мүмкін. Болашақта ол Ақмола облысының құрамынан шығарылады.
«Қосшыны Астанаға қосу мәселесінің талқыланып жатқанына 15 жыл болды. Алдағы 5-8 жылда бұл қаланың елорда құрамына енгенін көреміз деп ойлаймын», – дейді сарапшы.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлағандай, Қосшы бағытындағы LRT желісінің құрылысын 1,5 жыл ішінде аяқтау жоспарланған.
Астанада пәтер жалға алу бағасы үш ай қатарынан қарқынды өсіп келеді. Қыркүйек айында жалдау бағасы тамызға қарағанда 5,1%-ға артқан. Сарапшылардың айтуынша, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары маусымдық көрсеткіштердің бірі болды.