Шанақ, қозғалтқыш пен салондағы кемшіліктер: көлік сатып аларда нені тексеру керек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Жүрілген көлікті сатып аларда оның жүрісіне және салонының жағдайына ғана қарау жеткіліксіз. Шанақ бөлшектерінің арасындағы саңылаулар, бояу іздері, шиналардың тозуы, тіпті капот астындағы тазалық та көліктің бұрын апатқа ұшырағанын немесе сатылым алдында арнайы дайындалғанын аңғартады.Автосарапшы Владислав Жуков ескі көлікті таңдағанда нені тексеру керегін көрсетті.

Шанақты тексергенде неге мән беру керек

Жуков алдымен шанақ бөлшектерінің арасындағы саңылауларды тексеріп, бояу реңктерін салыстыруға және бамперлердің дұрыс орнатылғанына көз жеткізуге кеңес береді. Бөлшектердің қисық түйісуі немесе түсінің әртүрлі болуы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін аңғартуы мүмкін. Дегенмен бұл белгілердің өзі көліктің ауыр жол апатына түскенін дәлелдемейді.

Күдікті тұстарды тексеру үшін бояу қалыңдығын өлшейтін арнайы құрал – қалыңдық өлшегіш қолданылады. Hyundai Accent көлігін тексеру кезінде Жуков қанат пен капоттағы бояу қалыңдығының қалыпты деңгейден жоғары екенін анықтаған. Ал Audi көлігінің кейбір жерлерінен шпаклевка іздерін байқаған.

Маман есік ойықтары мен шанақ тіректерін мұқият тексеруге кеңес береді. Бұл тұстардағы зақым кшанаққа күрделі жөндеу жүргізілгенін немесе оның бастапқы геометриясы бұзылғанын көрсетуі мүмкін.

Сондай-ақ дөңгелек доғаларының ішін, күшейткіш бөлшектер мен лонжерондарды қарау қажет. Ескі көліктерді тексергенде олардың жасын және жөндеу тарихын да ескерген жөн. Мысалы, бекіткіш болттардың бұралған іздері көліктің міндетті түрде апатқа ұшырағанын білдірмейді.

Капот астынан нені тексеру керек

Жуков капот астындағы май мен басқа да техникалық сұйықтықтардың іздерін, сымдар мен жалғағыштардың күйін, сондай-ақ қозғалтқыштың жұмысын тексеруге кеңес береді. Қозғалтқыштан әдеттен тыс қатты дыбыс шықса, айналымы тұрақсыз болса немесе сұйықтық ағып тұрған іздер байқалса, көлікті қосымша тексеру қажет. Ал қозғалтқыштың таза болуы оның ақаусыз екенін білдірмейді. Керісінше, жуылған мотордан сұйықтықтың ағып тұрған іздерін байқау қиынырақ болуы мүмкін.

Беріліс қорабын да тексерген жөн. Берілісті ауыстырғанда қатты соққы немесе жұлқу болмауы керек. Егер қораптағы май деңгейін тексеруге мүмкіндік болса, Жуков оны қозғалтқыш пен қорап қызғаннан кейін, көлік тегіс жерде тұрған кезде бағалауды ұсынады.

Жүрісі мен салонының жағдайы

Рөлдің, түймелердің және орындықтардың тозуын одометрде көрсетілген жүріспен салыстыру керек. Егер одометрде жүріс аз көрсетілсе, бірақ басқару тетіктері қатты тозған болса, сатушыдан қосымша сұрақтар қойған жөн. Шиналардың шығарылған жылы да көліктің қалай пайдаланылғанын бағалауға көмектеседі. Алайда бұл белгі жүрістің шынайылығын өздігінен дәлелдемейді.

Сонымен қатар тежегіш дискілерінің күйін, фаралардың саңылауларынан ылғал кірмейтінін, есіктердің оңай ашылып-жабылатынын тексеру қажет. Audi сияқты техникалық құрылымы күрделі көлік сатып алғанда, тек сырттай қарап шешім қабылдамай, маманға көрсетіп, компьютерлік диагностикадан өткізген дұрыс.

Тағы да оқыңыз: Таксиде жүрген көлікті сатып аларда нені ескеру керек

Сондай-ақ оқыңыз