Тоқаев бас прокурор Берік Асыловты қабылдады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Кездесуде елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ прокуратура органдарының атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары пысықталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бас прокурордың мәліметінше, жыл басынан бері криминогендік ахуалды бақылау және қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған шаралар оң нәтижесін беруде. Атап айтқанда:

  • Қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 14,6 пайызға азайған;
  • Қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар 22,3 пайызға кеміген;
  • Көшедегі заңға қайшы әрекеттер 20,1 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары мүдделі құрылымдармен бірлесіп, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы және басқа да қауіпті құқық бұзушылық түрлеріне қарсы кешенді шаралар қабылдап жатыр.

Кездесуде заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстарына ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын активтер мемлекетке қайтарылды.

Бұл қаражат есебінен 466 әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы мен реконструкциясы қаржыландырылып, оның 378-і толық аяқталды. Атап айтқанда:

  • Алты облыста ірі медициналық нысандар пайдалануға берілді;
  • Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы қайта салынды;
  • Балқаш, Павлодар және Арқалық қалаларының әуежайлары жаңғыртылды.

Халықаралық ынтымақтастық бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгінде Бас прокуратура 39 юрисдикциямен 92 екіжақты келісімге қол қойған. Нәтижесінде Қазақстанға 50 адам экстрадицияланып, шет мемлекеттерге 123 адам берілді.

Мемлекет басшысының жарлығын орындау мақсатында инвесторларды қорғаудың жүйелі моделі іске қосылды. Жыл басынан бері 2886 инвесторға көмек көрсетілді, ал прокурорлар 3,5 мың инвестициялық жобаның іске асуын қадағалап отыр. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның «Цифрлық қадағалау» жүйесімен интеграциялануы туындаған түйткілдерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық салада 413 мың азаматтың конституциялық құқығы қалпына келтірілді:

  • 200 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды;
  • Еңбекақы бойынша 2,5 миллиард теңге, алимент бойынша 7,9 миллиард теңге берешек өндірілді;
  • Мемлекет қаржысын жұмсау кезінде 535 миллиард теңгелік заң бұзушылыққа тосқауыл қойлып, бюджетке 66,4 миллиард теңге қайтарылды.

Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын әсіресе жастар арасында ілгерілету, сондай-ақ қадағалау қызметіне заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету, заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, соның ішінде электоралдық кезеңде құқықтық тәртіпті сақтау шараларын үйлестіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ Әділетті Қазақстанның конституциялық құндылықтарын мүлтіксіз сақтау қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыз