Заңғар Нұрланұлы ATP турнирінде Александр Бубликпен бірге дебют жасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: Kursiv.media

Қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы Алматыда өтіп жатқан Almaty Open ATP 250 турнирінде алғаш рет жұптық сында өнер көрсетті. Ол Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликпен бірге кортқа шықты.

20 қазанда өткен кездесуде қазақстандық теннисшілер жеңіліс тапты. Дегенмен бұл матч Заңғар Нұрланұлының кәсіби мансабындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол алғаш рет ATP деңгейіндегі турнирдің жұптық негізгі жарысында бақ сынады.

Заңғар Нұрланұлы мұндай деңгейде өнер көрсету өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтып, тәжірибелі әріптесіне алғысын білдірді:

«Маған сенім артып, өзімен бірге жұп болып ойнауды ұсынғаны үшін Сашаға үлкен алғыс айтамын. Мұндай деңгейде ойнау мен үшін таптырмас үлкен тәжірибе болды. Кортта бізге сәл шеберлік пен сәттілік жетіспеген болуы мүмкін, бірақ бұл біздің алғашқы бірлескен ойынымыз. Алдағы уақытта бұдан да жақсы өнер көрсетуге тырысамыз», – деді Заңғар Нұрланұлы.

Кездесуден кейін Александр Бублик Қазақстандағы жас теннисшілерді қолдауға дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, өскелең ұрпақтың жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуы олардың кәсіби дамуы үшін маңызды.

«Өсіп келе жатқан жас теннисшілерге қолдау білдіру, оларға кортта бағыт беріп, өзің білетін тәжірибеңмен бөлісу – мен үшін өте маңызды. Бұл матчтағы негізгі мақсат – Заңғардың деңгейін сезіну, оған өзін сенімді ұстауға көмектесу еді. Келесі кезеңде де жекелей сында жауапты кездесу күтіп тұр. Сондықтан бұл жұптық ойынды жақсы сергіту матчы деп қарастыруға болады. Мұнда алған тәжірибесі мен кеңестері оған алдағы ойындарында үлкен көмек береді деп үміттенемін», – деді Александр Бублик.

Айта кетейік, Almaty Open – Қазақстанда ұйымдастырылатын ATP 250 санатындағы халықаралық теннис турнирі. Жарысқа әлемнің әртүрлі елдерінен кәсіби теннисшілер қатысады.

Енді Заңғар Нұрланұлы жекелей сында бақ сынайды. 21 қазанда қазақстандық теннисші чехиялық Томаш Махачқа қарсы кортқа шығады. Бұл кездесу жас спортшының ATP турниріндегі жекелей сындағы алғашқы ойыны болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз