2027 жылдан бастап ғалымдарға бес жылдық грант енгізу ұсынылды

Қазақстанда іргелі ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру әлі де үш жылдық цикл аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте конкурстық рәсімдердің созылып кетуінен ғалымдар жиі 100 күнге жуық уақытын жоғалтады, ал толыққанды жұмыс істеуге бар-жоғы 2–2,5 жыл ғана қалады. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова Құрылтайдың кезекті отрысында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке және Қаржы министрі Мәди Такиевке сауал жолдап, іргелі ғылымды қаржыландыру тәсілін қайта қарауды ұсынды.
Лаура Қарабасова атап өткендей, ғылым – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімі мен технологиялық егемендігінің негізі. Сондықтан ғылымға уақыт бермей, одан үлкен нәтиже талап етуге болмайды.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев гранттық қаржыландырудың үш жылдық мерзімі іргелі зерттеулерге кедергі келтіретінін айтып, оны бес жылға дейін ұлғайтуды ұсынған. Тиісті норма 2022 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді, кейін ол 2024 жылғы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның 34-бабында бекітілді.
Дегенмен депутаттың айтуынша, арада 4 жылдан астам уақыт өтсе де, негізгі гранттық конкурстар әлі де үш жылдық циклмен өткізіліп келеді. Ал ғалымдар осы үш жылды да толық пайдалана алмай келді.
«Конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Нәтижесінде зерттеудің нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда екі-екі жарым жыл ғана қалады. Бұл – жай ғана әкімшілік кідіріс емес, зерттеудің қарқыны мен нәтижелілігіне тікелей әсер ететін фактор, – дейді депутат.
Айтылған мәселе әсіресе биомедицина, ауыл шаруашылығы, экология және климатология салалары үшін маңызды. Мұндай зерттеулерге ұзақ бақылау, бірнеше маусымдық цикл қажет.
«2026 жылғы 24 маусымдағы заңға енгізілген толықтыру ғылыми жобаның мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді бекітті. Енді конкурстық рәсімнің кешігуінен ғылыми жұмыстың мерзімін қысқартуға негіз жоқ. Бюджетті де сылтау ете алмаймыз. Себебі, бес жылдық жобаның төртінші және бесінші жылына қажетті қаражатты кейінгі бюджеттік циклде жоспарлауға мүмкіндік бар. Яғни ғылымды дамытуға заңнамалық негіз жасалды. Қаржы тетігі де көзделген. Мәселе – министрліктердің нақты басқарушылық шешім шығаруында, – деп атап өтті Лаура Қарабасова.
Осыған байланысты депутат екі министрлікке төмендегі ұсыныстарды жеткізді:
1. 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобалар бойынша 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурсын өткізу;
2. Іргелі ғылым үшін бес жылдық қаржыландыруды негізгі модель ретінде енгізуді және жобаның толық жоспары мен қаржыландыру көлемін бекіту;
3. Төртінші және бесінші жылдарға қажетті шығыстарды кейінгі бюджеттік циклдерде алдын ала жоспарлау тетігін енгізу;
4. Қолданбалы және іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек ұйымдастыру.