7 жастағы шахматшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Испанияда классикалық шахматтан өткен әлем чемпионатында ақтөбелік Әлима Әкімхан күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Ақтөбе қаласы әкімдігінің хабарлауынша, FIDE World Championship 2026 13–21 қазан аралығында Рокетас-де-Мар қаласында өткен.
«7 жасқа дейінгі қыздар арасында бақ сынаған Әлима 11 мүмкіндіктің 8,5 ұпайын жинап, екінші орын иеленді. Жарыс классикалық уақыт бақылауымен өтті: әр ойыншыға 90 минут және әр жүріс үшін қосымша 30 секунд берілді», – делінген хабарламада.
Әлима Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясының оқушысы. Шахматпен 5 жасынан бастап айналысады. Оның бұл спортқа деген қызығушылығы үйіндегі шахмат фигураларынан басталған.
Қазіргі таңда ол AB Chess онлайн шахмат мектебінде Н. Кенжалиннің жетекшілігімен шеберлігін шыңдауда.
Айта кететін жайт, Қазақстан президенті Тоқаев білім беру саласына шахматты тұрақты енгізуді тапсырған болатын.