Әкімдік Алматыдағы ең ірі базардың бірін бұзып жатыр

Алматыдағы ең ірі базардың бірі «Жетісу-Cемиречье» сауда орны бұзылады. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Базар Түрксіб ауданындағы Қайрат шағын ауданындағы 56 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Әкімдіктің түсіндіруінше, базарға иелік ететін «Статус Construction» ЖШС осы аумаққа рұқсат құжаттарынсыз сауда орындарын салған.
Бастапқыда ЖШС-ға заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берген. Бірақ талап орындалмағандықтан, құрылыс басқармасы базарды бұзу туралы сотқа арыз берген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сауда орнындағы заңсыз нысандарды бұзу туралы шешім шығарады.
Осы негізде әкімдік өз бетінше базарды бұзу жұмыстарын бастаған.
Алматыдағы ең ірі базардың бірі
Еске салайық, әкімдік заңсыз салынған деген базар Алматыда 2000-жылдардан бастап жұмыс істейді. Бастапқыда ескі заттар сатылатын жәрмеңке болған. Кейін мұнда түрлі сауда орталықтары салынып, қаладағы ірі базарлардың біріне айналды.
Тақырыпқа орай: Алматының «Шайтан базары»: Сатушылар мұңы мен жәдігерлер сыры
Осыдан екі жыл бұрын әйгілі базар жабылады деген ақпарат шыққан еді. Көпшілік арасында базарды ірі құрылыс компаниясы сатып алды, ол жерге тұрғын үй кешенін салуы мүмкін деген қауесет тараған. Бірақ сол кезде әкімдік базар сүріледі деген мәліметті жоққа шығарған.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы ең танымал базарлардың иесі кім, олар қанша салық төлейді