Аймағанова зорлық-зомбылықтың алдын алатын электронды бақылау енгізуді ұсынды

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Депутат ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған сауалында полицияның қауіп туралы сигналдарға жедел әрекет ету алгоритмін бекітіп, барлық сигнал мен қабылданған шараны цифрлық тіркеуге алу қажеттігін атап өтті.
«Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасып жатыр. Соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді»,- деді депутат.
Осы орайда ол қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет ететінін айтты. Ал оның алдын алатын құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бар.
«Бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар. Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс. Қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет»,- дейді ол.
Айжан Аймағанованың пікірінше, бұл бағытта Қазақстанда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды.
«Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуы қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді. «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек»,- деп түйіндеді Аймағанова.
Тағы да оқыңыз: Әлеуметтік желідегі қорлау мен рұқсатсыз салынған суреттер жедел өшірілуі мүмкін