Ақтауда құны 45 млрд теңге болатын мұнай өнімдері шетелге заңсыз шығарылған

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

ҰҚК Қазақстаннан шетелге мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың әрекетін тоқтатты. 2019-2023 жылдары бұл схема арқылы 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі шетелге шығарылған. Операциялардың жалпы құны шамамен 45 млрд теңге болған, деп жазады Kursiv.Media.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, схеманы Маңғыстау облысындағы кәсіпкер ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланатын компаниялардан шикі мұнай сатып алып, оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеткен.

Кейін дайын өнімге жалған құжаттар рәсімделіп, пеш отыны ретінде көрсетілген. Осылайша мұнай өнімдері Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған. Заңсыз экспортқа «Batys Nefte Trade» ЖШС де қатысқан.

Pk.adata.kz мәліметінше, «MANGYSTAU OIL REFINING» ЖШС 2016 жылғы 14 шілдеде Ақтау қаласында тіркелген. Компания басшысы – Ескендір Нұрғалиұлы Жұмабаев. Ал «STANDART PETROLEUM» ЖШС  2020 жылғы 9 қазанда Ақтау қаласында тіркелген. Кәсіпорын басшысы – Рахшат Лесбайұлы Қыстаубаев.

Халықаралық іздеу жарияланды

Іс бойынша жүргізілген шаралар кезінде күдіктілердің активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және басқа да мүлік тәркіленген. Заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша мемлекетке 2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Бұған дейін сот ұйымдасқан топтың бес мүшесін, соның ішінде мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компания басшыларын сегіз жылға бас бостандығынан айырған. Олар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша сотталған. Ал схеманы ұйымдастырды деген кәсіпкерге халықаралық іздеуге жарияланды.

Тақырыпқа орай: 2027 жылдан бастап мұнай өнімдері міндетті таңбалаудан өтуі мүмкін

Сондай-ақ оқыңыз