«Париждегі қанды қырғын»: ПСЖ жанкүйерлері Барселонаның шамына тиді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: belultras.com

Испаниялық «Барселона» футбол клубы Чемпиондар лигасында ПСЖ-дан жеңілгеннен кейін париждік жанкүйерлердің стадионда көрсеткен баннеріне наразылық білдірді. Каталониялық клуб бұл мәселеге байланысты УЕФА-ға ресми шағым түсіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kursiv Media.

Оқиға Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда өткен ПСЖ мен «Барселона» матчында болған.

Кездесу басталар алдында Париждегі «Парк де Пренс» стадионының Auteuil трибунасында жиналған жанкүйерлер ерекше перформанс ұйымдастырған. Жанкүйерлер америкалық The Texas Chain Saw Massacre қорқынышты фильміне сілтеме жасайтын алып баннерді жайып көрсетті.

Баннерде ПСЖ жейдесін киген, қолына бензин арасын ұстаған қорқынышты кейіпкер бейнеленген. Ол «Барселонаның» эмблемасын арамен кесіп жатқандай көрсетілген. Композицияға қан шашыраған көріністер де қосылған.

Баннердің төменгі жағына француз тілінде «Massacre à la parisienne», яғни «Париждегі қанды қырғын» деген жазу жазылған.

«Барселона» УЕФА-ға шағым түсірмек

Каталониялық клуб басшылығы қарсылас жанкүйерлерінің бұл әрекетіне наразылық білдірген. Клуб баннердің мазмұнына байланысты Еуропалық футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) ресми шағым жолдауды жоспарлап отыр.

Қызығы, жанкүйерлер таңдаған қорқынышты фильм тақырыбы алаңдағы оқиғалармен де тұспа-тұс келді. Матчтың бірінші таймында екі команданың футболшылары Усман Дембеле мен Дани Ольмо жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады.

Осылайша, ПСЖ мен «Барселона» арасындағы кездесу алаңдағы нәтижесімен ғана емес, трибунадағы даулы баннерімен де назар аудартты. Айта кетейік алаң иелері 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Оқи отырыңыз: Еуропадағы бүліктің астарында не жатыр

Сондай-ақ оқыңыз