Педагог-ассистенттердің апталық жүктемесін 16 сағат етіп бекіту ұсынылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Қазақстанда педагог-ассистенттердің апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат етіп бекіту және еңбекақысын есептеудің бірыңғай тәртібін енгізу ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Педагог-ассистенттердің жұмыс уақыты нақты реттелмеген

Депутаттың айтуынша, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібіндегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде әртүрлі тәжірибенің қалыптасуына әкеліп отыр.

Бұған дейін олардың еңбекақысын есептеу кезінде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Алайда қазір бұл норманы нақты құқықтық тұрғыдан бекіту қажеттілігі бар.

Балташева педагог-ассистенттің міндеті ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы сабақ кезінде сүйемелдеумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Олар баланың ортаға бейімделуіне, дербестік дағдыларын дамытуына және басқа оқушылармен бірге білім алуына көмектеседі.

«Педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау», – деді депутат.

Депутат қандай өзгерістер ұсынды?

Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрлігіне үш ұсыныс жасады:

  • педагог-ассистенттердің апталық нормативтік оқу жүктемесін 16 сағат етіп бекіту мүмкіндігін қарастырып, оған қаржылық негіздеме әзірлеу;
  • баланы тікелей сүйемелдеуге кететін уақытты сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу және құжаттама жүргізу сияқты өзге міндеттерден ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеу;
  • еңбек жүктемесі мен еңбекақыны есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізу.

Депутат бұл өзгерістер педагог-ассистенттердің еңбек жағдайын нақтылап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етеді деп санайды.

Тағы да оқыңыз: Мұғалімдердің орташа жалақысы қанша

Сондай-ақ оқыңыз