Қазақстан авиация бойынша ең қауіпсіз 20 мемлекеттің қатарына кірді

Қазақстан ICAO авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша 95,7% көрсеткішпен топ-20 мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен ICAO Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Олжас Бектенов Астанаға Авиациялық қауіпсіздік-2026 апталығына қатысу үшін келген Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесті. Бұл – ICAO Бас хатшысының Орталық Азия елдеріне алғашқы ресми сапары.
Кездесуде Қазақстанның ICAO-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Олжас Бектенов Қазақстан көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға, авиациялық хабтар қалыптастыруға және елдің транзиттік рөлін нығайтуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. ICAO-мен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласы үшін стратегиялық маңызға ие.
Хуан Карлос Саласар елдің авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктерін жоғары бағалады. Қазақстан ICAO авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша 95,7% көрсеткішімен топ-20 мемлекеттің қатарына кіреді.
ICAO Бас хатшысы Қазақстан әуежай және аэронавигациялық инфрақұрылымды дамыту және нығайту бойынша маңызды шешімдер қабылдап, елдің авиакомпаниялары әуе кемелері паркін жаңғыртып, халықаралық маршруттық желіні кеңейтіп жатқанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанның азаматтық авиациясының дамуында оң серпін бар екеніне тоқталды. Соңғы бес жылда авиация саласының жалпы қызметі 6,5 есеге өсіп, 2,9 млрд долларға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайлардағы жолаушылар ағыны 31,8 млн адамды құрады, халықаралық маршруттық желілер 161 бағытқа дейін көбейді.
Сонымен бірге саланың әлеуетін одан әрі ашу үшін Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарының (CAMP-2050) маңыздылығы атап өтілді. Құжат саланы жаңғырту, авиациялық хабтарды қалыптастыру және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Қазақстаннан 15 шақты елге жаңа рейстер ашылған. Ал ішкі бағыттар бойынша биыл жеті жаңа рейс ашылған. Қазір Қазақстанда аптасына 923 рейс 65 бағыт бойынша әуе тасымалын жүзеге асырады.