Қазақстанда әскерге шақыру ережесі өзгереді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қазақстанда әскерге шақыру ережесі өзгереді / Фото: Қорғаныс министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында әскери реформа жоспарының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына тоқталды.

«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева мен Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов дайындалған жоспарды таныстырды.

Реформа аясында жоспарланған басты өзгерістер:

  • Сапалық жаңарту: Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, Қарулы Күштердің құрылымы мен басқару тетіктерін жетілдіру;
  • Әскерге шақырудың жаңа үлгісі: Мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлшектеледі (алғашқы 6 ай – оқу орталықтарында даярлық, кейінгі 6 ай – тікелей әскери бөлімдердегі жауынгерлік қызмет);
  • Қауіпсіздік пен бақылау: Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттары құрылып, жарғыдан тыс әрекеттердің алдын алу шаралары күшейтіледі;
  • Патриоттық тәрбие: «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесі енгізіледі.

Ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер келесі жылы іске асырылады. Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру комиссиясының жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырып, бұл бағытта барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуі тиіс екенін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыз