Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин кәсіби мансабын аяқтады

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Almaty Open турниріндегі соңғы кездесуін өткізіп, кәсіби мансабын аяқтады. Ол жарыстың 1/8 финалында Грекия өкілі Стефанос Циципастан жеңілді, деп хабарлайды Kursiv Media.
21 қазанда Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы турнирде 38 жастағы Михаил Кукушкин әлемдік рейтингте 39-орында тұрған Стефанос Циципаспен кездесті.
Қазақстандық теннисші қарсыласына екі сетте 1:6, 2:6 есебімен есе жіберді. Кездесу 1 сағат 2 минутқа созылды. Бірінші партия 24 минутта аяқталса, екінші сет 38 минутқа жалғасты.
Михаил Кукушкин ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғады. Ол ATP турнирлерінде өнер көрсетіп, Дэвис кубогында ел құрамасының жетекші ойыншыларының бірі болды.
Кездесуден кейін Стефанос Циципас қазақстандық теннисшінің кәсіби мансабын аяқтауына байланысты әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялады. Грекиялық спортшы Кукушкиннің Қазақстан теннисінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«2010 жылдары Қазақстан теннисіне жол ашқан Михаил Кукушкинге зор қошемет! Михаил, спорттық мансабыңды аяқтағаннан кейінгі өміріңе бар жақсылықты тілеймін!» – деп жазды Циципас X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
A big bravo to Mikhail Kukushkin, who was a trailblazer for Kazakh tennis in the 2010s. 🇰🇿 Wishing you the best in retirement, Mikhail! https://t.co/UtgJuXPAEN
— Stefanos Tsitsipas (@stefanos) October 21, 2026
Теннисші 2010 жылы Санкт-Петербургтегі ATP турнирінде чемпион атанды. Ал 2012 жылы Australian Open жарысының төртінші айналымына дейін жетіп, «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үздік нәтижелерінің бірін тіркеді.
Кукушкиннің әлемдік рейтингтегі ең жоғары көрсеткіші — 39-орын. Ол бұл нәтижеге 2019 жылы қол жеткізген.
Айта кетейік, Almaty Open турнирі 25 қазанға дейін жалғасады.