Рақышев Shoqan мектебіндегі 91% үлесін Әсел Тасмағамбетоваға сатты

Кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Group компаниясы «Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің» (Shoqan School) акционерлері қатарынан шықты. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Рақышев бұған дейін Fincraft Group компаниясы арқылы оқу ордасының 91 пайыз үлесін иеленетін. Енді осы акцияларды мектептің бас директоры Әсел Тасмағамбетоваға сатты.
«Серіктестік қатысушыларының құрамынан «Fincraft Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін шығару және Серіктестіктің жарғылық капиталындағы 91% үлесін азаматша Тасмағамбетова Әсел Имангалиевнаға сатуына байланысты азаматша Тасмағамбетова Әсел Имангалиевнаны Серіктестік қатысушыларының құрамына енгізу», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Тасмағамбетованың бас директор ретіндегі өкілеттілігі тағы 5 жылға ұзарған.
Аталмыш жеке мектеп 2020 жылы ашылған. 2025 жылы Рақышев Shoqan мектебіндегі тікелей өзіне тиесілі болған 9 пайыз үлесті жұбайы Әсел Тасмағамбетоваға сыйға тартқан.
Қалған 91 пайыз үлесті иеленіп келген Fincraft Group компаниясың жалғыз құрылтайшысы – Рақышев. Ол 402 млн доллар байлығымен Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер арасында 27-орында тұр.