Шымкенттегі пәтерлердің бірінде екі бала жұмбақ жағдайда қайтыс болды

Шымкенттегі «Восток» шағынауданында бес қабатты үйдің пәтерінен екі баланың денесі табылды. Төрт жастағы ұл мен 15 жастағы қыз көз жұмған. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілді деп жазады Kursiv.Media.
Көршілердің сөзінше, қайғылы оқиға болған бірінші қабаттағы пәтерді екі құрбы және олардың үш баласы жалдап тұрған. Соңғы рет отбасы мүшелерінің бірі туыстарына телефон соғып, көмек сұраған екен.
«Мен үйге кіріп, көргенімнен шошып кеттім. Залда сіңлім көзін ашып, ес-түссіз жатыр екен. Жағдайы өте ауыр болды. Сол жағында баласы жатты. Басында ұйықтап жатыр деп ойладым. Ал қызы жылап, денесі құрысып қалыпты», – деді зардап шеккен әйелдің туысы Дильбар Саидқожаева.
Оқиға орнына келген дәрігерлер төрт жастағы ұл мен 15 жастағы қыз қайтыс болғанын анықтады. Тағы үш адамның есін жиғызып, ауруханаға жеткізген. Шымкенттегі гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, ауруханаға түскен науқастарға иіс газынан ауыр дәрежеде улану диагнозы қойылған.
«Науқастардың жағдайы өте ауыр болғандықтан, оларды қабылдау бөліміне кіргізбей-ақ бірден жансақтау бөліміне жатқыздық», – деді дәрігер.
Қазір 27 жастағы әйел мен оның үш жастағы қызы дәрігерлердің бақылауында. Сәби әлі жансақтау бөлімінде жатыр, ал анасының жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылған. Үшінші аман қалған адам ауруханадан үйіне жіберілген.
Пәтерде нақты не болғаны әзірге белгісіз. Көршілердің айтуынша, бұған ескі газ су жылытқышы мен дұрыс жұмыс істемейтін желдеткіш құбыр себеп болуы мүмкін. Алайда болжам әлі ресми түрде расталған жоқ. Оқиға орнына келген апаттық қызмет мамандары пәтерден газын иісін анықтамаған.
«Апаттық бригада мамандары қажетті өлшеу жұмыстарын жүргізді, газ мөлшері анықталған жоқ. Нақты қорытынды сараптамалар жүргізіліп, тергеу аяқталғаннан кейін ғана жасалады», – деп хабарлады QazaqGaz Aimaq акционерлік қоғамы.
Биыл көктемде Шымкентте бір тұрғын үйде 4 адам газдан уланып қайтыс болған еді. Олардың денесін алу үшін төтеншеліктер пәтер есігін бұзуға мәжбүр болды.