Журналистер Құрылтайдан тақырыптан тыс сауал қоюға рұқсат беруді сұрайды

Құрылтай жиындарынан кейін өтетін брифингте журналистер тақырыптан тыс сұрақ қоюды сұрап отыр. 40-қа жуық редакция ұжымдық хат жазып, құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайға жіберді, деп жазады Kursiv.Media.
Құрылтайдан хабар тарататын тілшілер қазір қолданыстағы регламент кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, күн тәртібінен тыс маңызды мәселелерді көтеруге мүмкіндік бермейтінін айтады.
Журналистердің өтінішінде сөз болып отырған норма Құрылтай Бюросының 2026 жылғы 7 қыркүйектегі № 9-I БҚРҚ қаулысымен бекітілген регламенттің 3-тармағында жазылған. Оған сәйкес, журналистер сұрақтарды алдын ала жарияланған күн тәртібі бойынша қоюға міндетті.
Хат авторларының айтуынша, брифинг тақырыбы көбіне отырыс қарсаңында немесе сол күні ғана жарияланады. Ал брифингке келетін министрлер мен олардың орынбасарларына қоғам үшін маңызды басқа мәселелер бойынша сұрақ қоюға шектеу қойылады.
«Жаңа регламенттегі бір норма бізді қатты алаңдатып отыр. …Модератор тақырыпқа қатысы жоқ деп санаған сұрақ үшін журналист ескерту алады. Екі рет ереже бұзу аккредитациядан алты айға айыруға әкеледі», – деп жазылған өтініште.
Журналистердің пікірінше, бұл талап Парламент жұмысынан тұрақты хабар тарататын тілшілердің кәсіби қызметіне елеулі кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені аккредитациядан алты айға айырылу олардың Құрылтай жұмысын ақпараттандыру мүмкіндігін шектейді.
Тілшілерге ескерту беріліп жатыр
Өтініш авторлары «тақырыпқа қатысы жоқ сұрақ» ұғымының нақты өлшемдері белгіленбегенін де атап өткен. Олардың айтуынша, сұрақтың брифинг тақырыбына сәйкестігін модератор сол жерде өзі шешеді.
Мысал ретінде журналистер компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялауға арналған брифингтегі жағдайды айтады. Ол жерде Ulysmedia тілшісі Ішкі істер министрінің орынбасарына Ақтауда қаза болған әскери қызметшілер, әлеуметтік желіде пост жазған азаматтарға полиция атынан қоңырау шалып, жазбаларды өшіруді талап еткені туралы сұрақ қойған. Кейінірек редакция тілшісіне Құрылтай атынан ескерту берілген. БАҚ өкілдері бұл норманы өзгерту керектігін айтады.
Олар Мәдениет және ақпарат министрлігінің журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларында сұрақтарды іс-шараның тақырыбымен шектеу талабы жоқ екенін де атап өткен. Сондықтан қолданыстағы шектеуді Құрылтай Бюросының өзі қайта қарай алады деп есептейді.
Өтініш авторлары «Масс-медиа туралы» заң журналистердің ақпарат сұрату және алу құқығын бекітетінін де еске салған. Құрылтайдың аккредиттеу қағидаларында аккредитацияның мақсаты қоғамды кеңінен әрі жедел ақпараттандыру екені көрсетілген. Бірақ іс жүзінде олай бола бермейді.
«Отырыста айтылғанды қайталайтын брифинг жаңа ақпарат ұсынбайды», – деп санайды журналистер.
Журналистер қандай өзгерістер ұсынады?
Өтініш авторлары регламентке бірнеше өзгеріс енгізуді сұрап отыр.
Біріншіден, журналистерге алдын ала жарияланған тақырып бойынша сұрақ қоюға, содан кейін спикердің құзыретіне кіретін басқа мәселелерді көтеруге мүмкіндік беруді ұсынады.
Екіншіден, күн тәртібінен тыс сұрақты ереже бұзу деп санамауды сұрайды. Журналистердің пікірінше, модератор тілшіден негізгі тақырыпқа оралуды өтінуі мүмкін, ал спикер сұраққа жауап беруден бас тарта алады. Бірақ мұндай сұрақ аккредитациядан айыруға негіз болмауы керек.
Үшіншіден, ереже бұзушылықты тіркеу тәртібін нақтылауды ұсынады. Атап айтқанда, ескерту нақты қағидаға сілтеме жасай отырып, жазбаша түрде рәсімделіп, журналистке түсініктеме беруге және шешімге шағымдануға мүмкіндік берілуі тиіс. Журналистер регламенттің 3-тармағына өзгеріс енгізіп, күн тәртібінен тыс, бірақ спикердің құзыретіне жататын сұрақтарды қою құқығын бекітуді сұрайды.
Олар ұсыныстарын Құрылтай Бюросымен кездесуде талқылауға дайын екенін білдіріп, өтінішке заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраған.
Бұған дейін Парламентте журналистер депутаттарды жиын алдында тосып, дәлізден кездестіріп түрлі тақырыпта сұрақ қоюы қалыпты әдет еді. Бірінші қыркүйектен бастап жаңа Құрылтай жұмысына кіріскен соң тілшілердің жұмысына шектеу қойылды. Жаңа төраға Айбек Дәдебай депутаттарға тек баспасөз орталығында ғана сұрақ қойылады және сол күннің тақырыбынан ауытқымау керек деген талапты бекітті. Бұған журналистер наразы болған еді.