
Айгүл Иманбаева әлемді бағындыратын әлеуетке қалай ие болу керектігін айтты, деп жазады Kursiv.Media.
Актрисаның сөзіне қарағанда, адамның миы тек фокуста жұмыс істейді. Мида жүрек сияқты сезінетін, жүрек сияқты сыздайтын функциялар жоқ. Миға қаншалықты команда беріледі, соншалықты тапсырма орындайды.
«Мысалыға біз таңғы жетіде тұрым керек деп айтамыз. Ертең жұмысым бар деп ұйықтайсыз. Бірақ сіз будильниктен бұрын оянасыз. Себебі жатар кезде ми сізден команда алды. Ми тек командаға, тапсырмаға ғана жұмыс жасайды. Сондықтан миға қаншалықты жүктеме бересіз, соншалықты мидың нейрондары ұйықтамайды», – дейді актриса.
Оның пайымдауынша, жүктеме күшейген сайын, тау қопаратын, әлемді бағындыратын үлкен потенциал ашыла береді.
«Яғни мидың нейрондарын ұйықтатпау керек. Кейбір қыз-жігіттер 20 жасында кәрі болады. Энергиясы кәрі. Кейбіреулер Джей Лоның мамасы сияқты 80 жасында жап-жас болады. Биологиялық тұрғыдан адам қартаяды. Энергиялық тұрғыдан адам 20 жасында да қартайып кетуі мүмкін. Бұл тек қана нейронға берілетін жүктемеге байланысты. Миды үнемі дамытып отыру керек», – дейді Айгүл Иманбаева.
Актрисаның кеңесіне қарағанда, арман-мақсаттарына жеткісі келетін адам миыңызға нақты команда беріп, нақты фокус қойып үйренуге тиіс. Сонда алынбайтын қамал болмайды.