Алматыдағы «Жетісу» базарының үштен бірі ғана сүріледі

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Жетісу базары / Жетісу Семиречье / рынок
фото: Алматы әкімдігі

21 қазанда Алматы әкімдігі Түркісіб ауданындағы «Жетісу-Семиречье» базары сүрілетінін хабарлаған еді. Бірақ сауда кешені әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, тек үштен бірі ғана бұзылатынын айтты деп жазады Kursiv Media.

«Жетісу-Семиречье» көпфункционалды сауда кешені өкілінің сөзінше, 56 мың шаршы аумақты алып жатқан базар толығымен бұзылады деуге келмейді.

«Сауда кешенінің үштен бір бөлігінде аумақта орналасқан сауда контейнерлері сүріліп, оның орнына заманауи типтегі сауда кешені салынады», – деді ол Kursiv Media тілшісіне.

Кешен басшылығының түсіндіруінше, биыл әкімдік контейнер типтегі нысандар жұмысын тоқтатып, барлық сауда өкілдері тек сауда орталықтарында болуы керек деген талап қойған. Осыған сай контейнерлерді бұзу туралы шешім қабылданған.

Қазір жаңа сауда кешенінің эскизі әзірленіп жатыр, шамамен 2027 жылдың көктемінде құрылыс жұмыстары басталады. Ал контейнерлердегі 1500-ға жуық жалға алушылар яғни сатушылар үшін базар әкімшілігі уақытша орындар ұсынады. Кейін сауда кешені салынғаннан кейін қайта орала алады.

Бұған дейін Алматы әкімдігі Қала құрылыс басқармасы «Жетісу-Cемиречье» сауда орны бұзылатынын хабарлаған.

«Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан базардың жалпы аумағы 56 мың шаршы метрден асатын сауда орындарын бұзу жұмыстары басталғанын хабарлайды», – деп жазылған әкімдік хабарламасында.

«Жетісу-Семиречье» сауда кешені Алматыда 2000-жылдардан бастап жұмыс істейді. Бастапқыда ескі заттар сатылатын жәрмеңке болған. Кейін мұнда түрлі сауда орталықтары салынып, қаладағы ірі базарлардың біріне айналды.

Сондай-ақ оқыңыз