Бішкекке The Pussycat Dolls тобы келуі мүмкін

Жарияланды 22 Қазан 2026 11:35

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
фото: KursivMedia/Айгерім Таубай

Әйгілі The Pussycat Dolls тобы Бішкек сахнасында өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы Қырғызстандағы ірі концерттік бағдарламаларды ұйымдастырушы VI Project компаниясы хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

«Әлемдік поп-жұлдыздар сахнаға қайта оралып, миллиондаған жүректі бағындыруға дайын. Сіз білетін хит, таңғажайып энергетика, мінсіз хореография мен шоу! Мұндайды өткізіп алуға болмайды. Бішкек, аңыздармен кездесуге дайындал», – деп жазды ұйымдастырушылар телеграм арнасына.

Әзірге The Pussycat Dolls Қырғызстанға нақты келетін күн мен концерт өтетін орын белгісіз. Бірақ VI Project шоудың «Бішкек Аренада» өтпейтінін меңзеді.

The Pussycat Dolls – 1995 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында құрылған америкалық қыздар тобы. Топ әлемге 2005 жылы шыққан PCD альбомы арқылы кеңінен танылды. Ең танымал әндері ретінде «Don’t Cha», «Buttons» және «When I Grow Up» композицияларын айтуға болады.

Топтың ең танымал мүшелерінің бірі – әнші Николь Шерзингер, ол негізгі вокалист ретінде көпшілікке танылды. Шерзингер биыл 16 мамырда Алматының Орталық стадионында өткен Solana фестивлінде өнер көрсеткен еді.

Ал бұған дейін Қырғызстанда Шакира келіп, 18 қазанда «Бішкек Аренада» 50 мың адамға арналған концерт өткізген.


Сондай-ақ оқыңыз