ҚазҰУ оқытушысын сабақ үстінде жұмыстан шығарған: университет себебін түсіндірді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
New data breach at KazNU reveals female student records
фото: Kursiv.Media мұрағаты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетінің оқытушысы Гаухар Дүйсембиеваның жұмыстан шығарылуына байланысты дау туындады. Оқытушы жұмыстан босату туралы бұйрықтың сабақ үстінде, студенттердің көзінше табысталғанын мәлімдеді. Университет әкімшілігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде ҚазҰУ-дың филология факультетінде болған жанжал туралы ақпарат тараған. Гаухар Дүйсембиеваның айтуынша, университет өкілдері сабақ өтіп жатқан кезде аудиторияға кіріп, студенттердің көзінше оны жұмыстан босату туралы бұйрықты тапсырған.

Оқытушы басшылықтың шешімімен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, жұмыстан шығару туралы бұйрыққа 2 қазанда қол қойылғанымен, құжат өзіне тек 7 қазанда берілген.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Дүйсембиева өзінің атынан қойылған қолдар қолдан жасалғанын және өзіне дене жарақаты келтірілгенін де мәлімдеген. Алайда бұл айыптаулардың расталғаны туралы ақпарат жоқ.

ҚазҰУ оқытушыны не үшін жұмыстан шығарғанын түсіндірді

Университеттің ресми мәлімдемесіне сәйкес, Гаухар Дүйсембиевамен еңбек қатынастары еңбек тәртібі мен кәсіби педагогикалық этиканы бұзуға қатысты материалдар қаралғаннан кейін тоқтатылған.

Оқу орны әкімшілігінің мәліметінше, оқытушы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, студенттерді, оның ішінде кәмелетке толмаған білім алушыларды оқу процесіне қатысы жоқ мәселелерге тартқан.

Атап айтқанда, университет Дүйсембиева студенттерден әлеуметтік желідегі жазбаларына пікір қалдыруды сұрап, сол арқылы қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысқан деп мәлімдеді.

Сонымен қатар ҚазҰУ оқытушы студенттер қол қойған құжатты өзінің еңбек дауына дәлел ретінде пайдаланғанын хабарлады. Университет әкімшілігі құжат мазмұнына күмән келтірген.

«Студенттердің оқу нәтижелерін бағалауға тікелей ықпал ететін оқытушыға академиялық тұрғыдан тәуелді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Мұндай жағдайда білім алушыларды оқытушының жеке жанжалдарына тарту кәсіби педагогикалық этика қағидаттарына қайшы келеді», – делінген ҚазҰУ түсініктемесінде.

Осылайша, университет оқытушыны жұмыстан шығару туралы шешімін еңбек тәртібі мен педагогикалық этиканың бұзылуымен байланыстырып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз