Ұлттық банк әшекей ретінде тағуға болатын күміс монеталарды шығарды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ұлттық банк әшекей ретінде тағуға болатын күміс монеталарды шығарды
Ұлттық банк әшекей ретінде тағуға болатын күміс монеталарды шығарды / фото: Серикжан Ковланбаев

Қазақстан Ұлттық Банкі «Сиқырлы нышандар» сериясынан «AQYQ» коллекциялық монетасын айналысқа шығарады. Күміс монетаны әшекей-бұйым ретінде де пайдалануға болады, деп хабарлайды Kursiv.Media банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«AQYQ» – жартылай асыл тас. Халцедон тобына жатады. Зергерлік бұйымдар мен сәндік заттарда қолданылады.

«Монетаның көркемдік безендірілуінен қазақ зергер өнерінің қолтаңбасы айқын көрінеді: зерделі сіркелеу әдісі, теріс бетіндегі өрнек пен ақық қондырмасы өзара жарасым тапқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа бауын тағуға мүмкіндік беретін арнайы баулық қарастырылған», – дейді ҚҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас дизайнер-маманы Жанна Нөгербек.

925 сынамалы күмістен дайындалған монетаға ақық тасы қондырылған. Оның массасы – 20 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «antique silver», номиналы – 1 000  теңгелік, дайындау таралымы – 5 000  дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай барлық төлем түрінде қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Айта кетейік, коллекциялық монеталар 2026 жылғы 27 қазаннан бастап ҚҰБ интернет-дүкенінде сатылады.

Бұған дейін Ұлттық банк «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан жаңа коллекциялық монетаны 12 қазанда айналысқа шығарғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз