26,6 трлн теңге: Ұлттық банк басқарып отырған зейнетақы активінің табысы неге төмен

Инвестициялық басқарушы компаниялармен салыстырғанда, зейнетақы активтерінің 99 пайызын басқарып отырған Ұлттық банктің инвестициялық табысы әлдеқайда төмен. Базалық мөлшерлеме шешімін түсіндіруге арналған брифингте бас банкир Тимур Сүлейменов реттеушінің көрсеткіштері неге жеке басқарушылардан кейін қалатынын түсіндірді, деп жазады Kursiv.Media.
Оның айтуынша, басты себеп – актив көлемінде. Жеке компаниялар 15-20 млрд теңгені, Ұлттық банк шамамен 26,6 трлн теңгені басқарып отыр. Ал мұндай қомақты қаржыны инвестициялағанда икемді әрі жылдам шешім қабылдау өте қиын.
Бұл ретте Сүлейменов зейнетақы активтері оң инвесттабыс көрсетіп отырғанымен, одан да жақсы нәтиже көрсетуге болатынын жоққа шығармады.
«БЖЗҚ минусқа кеткен жоқ, шамамен 3,2% пайыздық табыс көрсетіп отыр. Ол жоғары болуы мүмкін бе еді? Мүмкін еді, өйткені кейбір жеке басқарушылар жоғарырақ табыстылық көрсетті», – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қыркүйек айында БЖЗҚ-ның нақты инвестициялық табысы тамызбен салыстырғанда азайғанын растады. Дегенмен салымшылар қаржысынан айырылып жатқанын жоққа шығарды.
«Расында тамыз айының соңында БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы 1,1 триллион теңгеден асса, қыркүйекте ол төмендеп, қазір шамамен 800 миллиард теңгені құрайды. Оған теңге бағамының долларға қатысты нығаюы себеп. Өздеріңіз білесіздер, қыркүйекте теңге қатты нығайды, сондықтан ұлттық валютаға қайта есептегенде бұрынғыдай жоғары табыс көрсетілмеді, бірақ ол оң мәнде қалып отыр», – деп түсіндірді Әлия Молдабекова.
2026 жылдың 1 қазанында Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 26,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі инвестициялық қызмет, сондай-ақ шетел валюталары бағамының құбылуы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде 766 млрд теңге инвесттабыс есептелген. Салымшылардың зейнетақы шоттарына бөлінген кірістілік 2,91% құрады.
Жеке басқарушы компаниялар арасында «Сентрас Секьюритиз» АҚ ең жоғары көрсеткішке (11,87%) қол жеткізсе, «Tansar Capital» АҚ өз активтері бойынша инвестициялық шығынға ұшырап, көрсеткіші минусқа кетті.