
Театр және кино актері Нұркен Өтеуіл «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағына ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында өнер қайраткерін жоғары мемлекеттік марапатпен наградтады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Нұркен Өтеуіл – қазақстандық театр және кино актері, әнші әрі тележүргізуші. Ол 1976 жылы 14 маусымда Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шошанай ауылында дүниеге келген.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері ұзақ жылдар бойы театр сахнасында түрлі образдарды сомдап, отандық өнердің дамуына үлес қосып келеді.
Актердің сахнадағы белгілі рөлдерінің бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымындағы Абай бейнесі. 2025 жылы аталған театрдың 34-маусымын қорытындылаған спектакльде басты кейіпкерді Нұркен Өтеуіл мен Тілектес Мейрамов сомдаған.
Нұркен Өтеуіл бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленген. Сондай-ақ 2019 жылы «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының «Жылдың үздік актері» аталымында жеңімпаз атанған.
Айта кетейік, «Қазақстанның халық әртісі» – мәдениет пен өнер саласында ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға берілетін жоғары құрметті атақ. Бұл атақ 2023 жылы қайта жаңғыртылған болатын.
Сондай-ақ, президенттің 23 қазандағы мемлекеттік наградалар туралы жарлығына сәйкес, Талғат Мұсабаевқа да «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.