Алматыда LRT құрылысына байланысты екі көше ішінара жабылады

Алматыда 24 қазаннан бастап Абылай хан даңғылы мен Момышұлы көшесінің жекелеген бөліктерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл LRT жобасы аясында жүргізілетін жұмыстарға байланысты, деп хабарлайды Kursiv Media.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 24 қазан сағат 08:00-ден 26 қазан сағат 20:00-ге дейін Абылай хан даңғылының Райымбек даңғылынан Тузов көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.
Сонымен қатар 24-29 қазан аралығында Момышұлы көшесінде де уақытша шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, сағат 22:00-ден 10:00-ге дейін Мөңке би көшесінен оңтүстікке қарай орналасқан бөліктерде және Рысқұлов даңғылымен қиылыста көлік қозғалысы шектеледі.
Шектеулер LRT жобасын іске асыру аясындағы жұмыстарды жүргізу үшін қажет.



Жұмыс жүргізілетін аумақтарда жүргізушілерге арналған ескерту жол белгілері орнатылады. Қала әкімдігі тұрғындар мен көлік жүргізушілерінен жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұрады.
Көлік қозғалысына енгізілетін өзгерістер туралы өзекті ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында, сондай-ақ 2GIS қосымшаларында жарияланады.
Айта кетейік, Алматыда LRT-ның бірінші кезеңі 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады. Ол Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтан Момышұлы көшесі арқылы Төле би көшесіне дейін, одан Төле би бойымен Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін барады.
Екінші кезеңінде қоғамдық көлікті Төле би көшесі арқылы «Барлық» базарына дейін ұзарту жоспарланған.