Жарты млрд теңге шығын: Балқаш маңында темір мен марганец кені заңсыз өндірген

Vertex Co. және MiningMetall компаниялары Балқаш маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндіріп келген, деп хабарлайды KursivMedia.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қос компанияның жер қойнауын пайдалануға тиісті құқыңңы және қажетті рұқсат құжаттары болмаған.
Кен орындарын игеруге жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар сияқты арнайы техникалар тартылған.
Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған.
Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды. Оны қалпына келтіру үшін 485 млн теңге қажет.
«Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен. Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет. Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды», – делінген тергеу деректерінде.
Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Өскемен қаласында заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған екі шенеунік 4 жылға сотталды.