Қазатомөнеркәсіп уранды Ресей компаниясына сату мәселесін қайта дауысқа салады

Қазатомөнеркәсіп «Росатом» құрылымына кіретін ресейлік Uranium One Group компаниясына табиғи уран сату мәмілесін қайтадан дауысқа шығарады. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіптің» AIX сайтында жарияланған хабарламасында белгілі болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Әңгіме U3O8 түріндегі табиғи уран концентратын жеткізу шарты туралы болып отыр. Мәміле шарттары бойынша өнімді физикалық түрде жеткізу көзделген.
Жиналысқа қатысуға құқығы бар акционерлер тізімі 2026 жылғы 17 қарашада қалыптасады. Бюллетеньдерді қабылдау 25 қарашада басталып, 9 желтоқсан күні Астана уақытымен сағат 18:00-де аяқталады. Нәтижелерді есептеу 10 желтоқсанға жоспарланған.
Шешім қабылдау үшін белгіленген дауыс беру тәртібі талаптары сақталуы тиіс. Жиналыс материалдары мен бюллетень «Қазатомөнеркәсіп» сайтында қолжетімді болады.
Қайта дауыс беру нәтижесі Қазақстанның ұлттық атом компаниясы акционерлерінің Uranium One Group-қа уран жеткізу келісімшартын мақұлдайтынын не мақұлдамайтынын айқындайды.
8 қазанда «Қазатомөнеркәсіп» акционерлері бұл келісімшартты жасасуды мақұлдамағаны белгілі болған еді. Дауыс беру 7 қазанда өтті: мәмілені дауыс беретін акциялардың 5,39%-ы жақтаса, 6,27%-ы қарсы шықты, ал 88,34%-ы қалыс қалды. Шешім қабылдау үшін көпшіліктің дауысы қажет болған.
Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» Uranium One Group компаниясымен табиғи уран сату бойынша келісімге келгенін хабарлаған еді. Қазақстандық компанияның коммерциялық ұсынысын сатып алушы белгіленген мерзімде қабылдап, тараптар шарт жобасын келіскен болатын.
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіптің» ең ірі акционері «Самұрық-Қазына» қоры. Ол компания акцияларының шамамен 62,99%-ына иелік етеді. Тағы 12,01%-ы Қазақстан Қаржы министрлігіне тиесілі.