Қытайдың Тибет аймағында 7 балдық жер сілкінісі болып, 16 адам қаза тапты

22 қазанда Қытайдың Тибет аймағында қуаты 7 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан кемінде 16 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Бұл туралы Қытайдың «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Жер сілкінісінің эпицентрі Тибеттегі Нагчу қаласынан шығыс-солтүстік-шығысқа қарай 183 шақырым жерде орналасқан. Дүмпу салдарынан кемінде 339 үй қираған. Қайтыс болғандардан бөлек тағы 46 адам зардап шегіп, ауруханаға түсті деген мәлімет бар. Оның он бірінің жағдайы өте ауыр. Қазір апаттан келген шығын көлемі анықталып жатыр, онда құтқарушылар тобы жіберілген.
Қытайдың CCTV мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, теміржол қызметі жер сілкінісі болған аумақтар арқылы пойыздардың жүруін уақытша тоқтатқан. Ал Қытайдың Жер сілкіністері жөніндегі басқармасы төтенше жағдайға әрекет етудің екінші деңгейін жариялады. Бұл – елдегі төтенше жағдайларға ден қою жүйесіндегі ең жоғары деңгейлердің бірі.
Қытайда күшті жер сілкіністері жиі болады. Әсіресе елдің оңтүстік-батыс бөлігінде мұндай табиғи апаттар жиі кездеседі. Биыл тамызда Қытайда қуаты 4,7 балл болатын жер сілкінісі тіркелгенін жазған едік. Ал оның алдында Колумбияда 7,4 балдық зілзала болып, 281 адам қаза тапқан.