Роналду Ташкентке келе ме: «Пахтакор»- «Әл-Наср» ойынының билеттері сатылымға шықты

2 қарашада Ташкентте Өзбекстанның «Пахтакор» және Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубтары кездеседі. Азия Чемпиондар лигасы аясында өтетін ойынға билеттер сатылымға шықты, деп хабарлайды Kursiv Media.
Кездесу Ташкенттегі «Пахтакор» стадионында жергілікті уақытпен сағат 18:45-те басталады.
Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы әлемге әйгілі португалиялық футболшы Криштиану Роналду өнер көрсететін команда ретінде танымал. Алайда оның Ташкенттегі матчқа қатысатыны әзірге нақтыланбаған.
Билет бағасы қанша?
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, матч билеттері орын санатына қарай 100 мың (3770 теңге), 200 мың (7 540 теңге), 300 мың (11 310 теңге), 400 мың (15 080 теңге) және 600 мың (22 620 теңге) өзбек сумынан сатылады. Ал CIP санатындағы билеттің құны – 3 миллион сум (шамамен 113 100 теңге).
Билеттерді Iticket.uz платформасынан, iTicket мобильді қосымшасынан, сондай-ақ «Пахтакор» стадионындағы екі касса мен «Хумо Аренадағы» бір кассадан сатып алуға болады.
Билетті қалай пайдалануға болады?
Ұйымдастырушылар билетті сайт арқылы сатып алған жанкүйерлерге маңызды ескерту жасады. Электронды билет тек iTicket мобильді қосымшасында көрсетіледі. Сондықтан сайтта тіркелген аккаунтпен қосымшаға да кіру қажет. Матчқа кіруге арналған QR-код ойын басталардан үш сағат бұрын қосымшада пайда болады.
Қауіпсіздік мақсатында билетті көшіріп алуға, скриншот ретінде сақтауға немесе басқа адамға жіберуге болмайды.
Осылайша, 2 қарашада Ташкентке баруды жоспарлаған жанкүйерлер билеттерді алдын ала сатып ала алады.