Тимур Сүлейменов валюта нарығында «доллардың көбеюіне» қатысты пікір білдірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығында доллар көлемінің артуына қатысты пікір білдірді. Бас банкир валюта нарығында доллар ұсынысының артуына мұнайдың қымбаттауы қалай ықпал еткенін түсіндіріп берді, деп жазады Kursiv.Media.
Айтуынша, нарықта шетелдік валютаның көбейуі, ең алдымен, мұнай мен бағалы металл бағасының қымбаттауымен тікелей байланысты.
2025 жылдың басында мұнайдың баррелі 60-65 доллар айналасында болса, кейін 100 доллардан асып түскен. Бұл мұнай өндіруші компаниялардың экспорттан түсетін қаржысын едәуір арттырады. Сол қаржының белгілі бір бөлігі ішкі нарыққа түседі. Сонымен қатар мыс пен өзге де металдардың бағасы 11–14 пайызға өскен.
Сонымен қатар ол «доллардың шамадан көп түсуі» деген ұғым жоқ екенін айтты. Ұлттық банк басшысы оның орнына нарықтағы қосымша валюта көлемі туралы сөз еткен әлдеқайда дұрыс екенін атап өтті.
«Жалпы алғанда, біздің экспорт 27 пайызға ұлғайды, бұл экспорттық валюталық түсімнің де едәуір өскенін білдіреді. Сәйкесінше, нарыққа доллар көп түсіп жатыр. Ал нарықта тауар неғұрлым көп болса, оның бір бірлігінің бағасы соғұрлым арзандайды. Қазір тура осы процесс жүріп жатыр», – деп түсіндірді Сүлейменов.
Доллар бағамының арзандауына, сондай-ақ, шетелдік несиелер де ықпал етеді. Екінші деңгейлі банктер, жеке компаниялар мен квазимемлекеттік сектор сырттан доллармен қарыз алып, жобаларды теңгемен қаржыландырады. Олар валютаны теңгеге айырбастау үшін нарыққа шығарған кезде, доллар ұсынысын арттырып, оның бағамын арзандата түседі.