Тоқаев: Әлеуметтік жеңілдіктердің кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр

Ақордадағы жиында Тоқаев әлеуметтік жәрдемақылар туралы да айтып өтті, деп жазады Kursiv.Media. Президент әлеуметтік жәрдемақылар кей жағдайда тиімсіз жұмсалып жатыр деп бағалап, Үкіметке арнайы тапсырма берді.
«Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, тіпті, олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысуда», – деді президент Республика күніне арналған жиында.
Президент соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 трлн теңге қаржы бөлгенін атап өтіп, ол қаражатты «халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция» деп түсіндірді. Одан бөлек ақысыз медициналық көмек туралы да сөз етіп, оны «бірегей әлеуметтік көмек» деп бағалады.
«Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл, түптеп келгенде, бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас.
Сонымен қатар еліміздің әрбір мектебінде барлық бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар, яғни, бір миллион жеті жүз мыңнан астам оқушы ақысыз ыстық тамақ алуда», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, қазір қоғамда Еңбек министрлігінің жәрдемақы төлеміне қатысты жаңа ережесі үлкен дау болып жатыр. 2027 жылдан бастап ауқатты, А және В санатына жататын отбасылар 10 түрлі жәрдемақыны ала алмайды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов көпбалалы бай отбасылар өз күндерін өзі көруі керек деп мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Жәрдемақы жыры: 2027 жылы кімдер әлеуметтік төлемнен қағылады (видео)