Тоқаев Жезқазған зауытындағы балқытушыға Еңбек ері атағын берді

Республика күні қарсаңында Қазақстан Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды деп жазады Kursiv Media.
Марапат иелерінің қатарында өндіріс, бизнес, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Ә. Доспановқа берілді.
І дәрежелі «Барыс» орденіне «TNS-group» концерні заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Т. Жұмағұлов пен актер Н. Ықтымбаев ие болды. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен білім саласының ардагері Е. Мәмбетқазиев пен альпинизм федерациясы вице-президенті Қ. Уәлиев марапатталды. Ал ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені В. Тюркин, С. Шаңғұтов және басқа азаматтарға берілді.
Елдің дамуына үлес қосқан ғалымдар, мәдениет қайраткерлері мен өндіріс өкілдері «Парасат» орденімен марапатталды. Олардың қатарында тілтанушы Н. Уәли, археолог А. Подушкин, Қарағанды медициналық университетінің профессоры М. Түсіпбекова, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д. Жұмбеков және «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев бар.
«Құрмет» орденін мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, медицина және әлеуметтік қолдау салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар азамат алды. Олардың арасында «Өзенмұнайгаз» АҚ кран машинисі Б. Досқарин, балалар дәрігері Б. Медетбаев, онкологиялық ауруларды қолдау қорының негізін қалаушы Н. Плохих және «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы А. Мұсафирова бар.
Ал қоғамдық келісім мен ұлтаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Ел бірлігі» орденімен Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрағасы Г. Аннакулиева, «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы У. Джанаев, Қазақстандық немістер бірлестігінің атқарушы директоры Д. Редлер және «Tamos Space School» мұғалімі Д. Ромащенко марапатталды.