«Ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды»: Тоқаев Республика күнінің маңызына тоқталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, 25 қазанның ел тарихындағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Президент 1990-шы жылы осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, ел тарихының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.

«Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Республика күнін Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн ретінде бағалады.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қандай жетістіктерге жетті?

Президент ел егемендік алғаннан бері көптеген белесті еңсергеніне тоқталды. Оның сөзінше, мемлекеттік рәміздер бекітіліп, ұлттық қаржы жүйесі құрылды және мемлекеттік шекара белгіленді. Қазақстан халықаралық аренада да өз орнын қалыптастырды.

«Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елорданың қалыптасуын да тәуелсіздік жылдарындағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, Сарыарқаның төрінде жаңа астананың іргесі қаланып, Астана әлемге танылған қалаға айналды.

«Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды», – деді президент.

Қазақстан бейбітшілік пен бірлікті сақтауға басымдық берді

Тоқаев ел жетістіктерінің негізінде халықтың бірлігі мен бейбітшілікке деген ұмтылысы тұрғанын атап өтті.

«Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық», – деді мемлекет басшысы.

Президент биыл Республика күні ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтіп жатқанын айтып, Қазақстанның қарқынды дамып, халықаралық қауымдастықтың құрметіне ие болған мемлекет ретінде қалыптасқанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз