Ұлттық банк алтынның резервтегі үлесін 70%-ға дейін қысқартпақ

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
фото: shutterstock

Ұлттық банк алтынның резервтегі үлесін 70%-ға дейін қысқартатуды көздеп отыр. Ал қазір резервтегі алтынның үлесі 80 пайызға жуықтады. Ұлттық банк басшысы бұл шешімнің себебін баспасөз брифингінде түсіндіріп берді, деп хабарлайды Kursiv.Media. 

Ұлттық банк алтын-валюта активтерінің құрамын әртараптандыруды жоспарлап отыр. Алтынды ірі көлемде сатып алатын Қазақстан енді оның резервтегі үлесін қалай азайтпақ? Сүлейменов неліктен мұндай қадамға бару керек екенін айтты. Айтуынша, резервтердің басым бөлігін жалғыз активке байлап қою тиімсіз.

«Алтын-валюта резерві деп бекер айтылмаған, себебі онда алтыннан өзге де валюта болуы тиіс. Бізде валюта резервтерінің құрамындағы алтынның үлесі 80 пайызға жуықтады. Ал 80 пайыз дегеніміз монопортфель. Алтынның бағасы құбылса, бүкіл портфельдің бағасы да, көлемі де, жалпы құны да өзгеруі мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, соңғы айларда алтын бағасының ауытқуы өте жоғары болып тұр: 5000 долларға жақындайды, қайта 4000 долларға дейін түседі. Сондықтан тек алтынға арқа сүйегеніміз дұрыс болмайды. Портфельді әртараптандыру, түрлендіру қажет. Актив кластары, бағалы қағаздар кластары әртүрлі болуы керек», – деді Сүлейменов.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк резервтерді әртараптандыру аясында алтынның үлесін шамамен 70%-ға дейін төмендетуді көздейді. Резервтердің қалған бөлігі шетел валютасынан немесе өтімді бағалы қағаздардан тұруы мүмкін.

«Біздің ұстанымымыз бойынша, алтынның үлесі 70%-дан төмендемеуі керек. Қалған бөлігі валюта немесе өтімді бағалы қағаздар түрінде болады. Өйткені бізге күнделікті операцияларды жүргізу үшін де өтімділік қажет, – деді ол.

Айта кетейік, Kursiv.Media бұған дейін де Ұлттық банк халықаралық резервтегі алтын үлесін төмендетіп, оны сатуға көшуді жоспарлап отырғанын жазған еді.

Сондай-ақ оқыңыз