«Жұмысты таңғы төртте бастаймын»: NVIDIA басшысы қазақ жастарына қандай кеңес берді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Жаслан Мәдиев және Дженсенг Хуанг / фото: Astana Hub тікелей эфирінен скрин / сапасы ЖИ арқылы өңделді

NVIDIA негізін қалаушы Дженсен Хуанг Қазақстанға келді. ЖИ министрі Жаслан Мәдиевпен бірге Alem AI орталығында кездесу өткізді. 40 минутқа созылған шарада ЖИ дәуірінің көшбасшысы физикалық ЖИ, Higgsfield стартабы және жұмыс кестесі туралы айтып берді, деп жазады Kursiv.Media.

ЖИ Қазақстанға жаңа деңгейге шығуға көмектеседі

Кездесу басында Дженсен Хуанг Қазақстанның ЖИ дамуына ерекше көңіл бөліп жатқанын атап өтті.

«Мен барған елдер ішінде Қазақстан ЖИ-ді ұлттық деңгейде дамытып жатқан алғашқы мемлекет болды. ЖИ еліңізді жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі. ЖИ азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп, компанияларға әлемдік нарыққа шығып, үздіктермен бәсекелесуге көмектеседі. ЖИ қоғамды жаңартады», – деді Хуанг Жаслан Мәдиевке.

Оның сөзінше, жасанды интеллектіге алдымен адам мүмкіндіктерін дамытатын құрал ретінде қарау керек.

«Жасанды интеллект алдымен когнитивті интеллектіден, яғни ақпаратты түсіну, ойлау және өңдеу қабілетінен басталады. Бірақ ЖИ мұнымен шектелмейді. Оның ауқымы физикалық әлеммен әрекеттесуге дейін жетеді», – дейді NVIDIA басшысы.

Хуанг физикалық ЖИ туралы да түсіндіре кетті. Оның сөзінше, физикалық ЖИ-ді тек робототехника деп қабылдамау керек.

«Физикалық ЖИ ең ірі индустриялардың біріне айналады….Бұл технология жер қойнауын зерттеуден бастап, кен орындары мен ұңғымалардың картасын жасауға, география мен геологияны түсінуге, пайдалы қазбаларды қай жерден және қалай тиімді өндіруге болатынын анықтауға дейінгі көптеген бағытты қамтиды», – дейді ол.

Қазақстанды да осы көштен қалып кетпеуге шақырды.

«Біз физикалық ЖИ-ді дамыту жолының басында тұрмыз. Бұл – технологиялық дамудың келесі толқыны. Қазақстан үшін жаңа индустрияны дамытуға қатысып, оның болашағын қалыптастыруға көмектесетін тамаша мүмкіндік…Мен бұл саланың болашағына үлкен үміт артамын», – дейді Хуанг

Тақырыпқа орай: Үкімет 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жоспарын бекітті

Higgsfield жайлы

Кездесуде Дженсен Хуанг тұңғыш отандық unicorn Higgsfield стартабы жайлы да ойын айтты.

«Ол компанияның командасы өте мықты, әлемдегі ең талантты адамдардың бірі. Мұнда 600 адам жұмыс істейді, олардың орташа жасы – 25 шамасында. Көпшілігі терең технологиялар саласындағы инженерлер мен компьютерлік ғылым мамандары», – деп атап өтті Хуанг.

Компанияның халықаралық деңгейде жұмыс істейтінін, әлемдік нарықта бәсекелесіп жүргенін де атап өтті.

«Компанияның Қазақстанда және АҚШ-та кеңселері бар. Бұл екі елдің мәдениеті мен кәсіби тәжірибесін байланыстырып, жаһандық нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Компанияға инвестиция салғанда, шын мәнінде, адамдарға инвестиция саласыз. Сондықтан ең үздік мамандарды таңдау маңызды», – дейді ол.

Осы тұста министр Мәдиев Higgsfield кеңсесіне барғанын, компания тек кешкі сағат бестен бастап жұмысқа кірісетінін айтқан. Мұны естіген Дженсен Хуанг таңғалып, «жұмысты кешкі бесте бастайтын болсаңдар, ақшамды қайтарыңдар» деп әзілдеді.

«Мен [жұмысты – ред.] таңғы бесте бастайтынмын, қазір тіпті төрттен бастап кірісіп жүрмін», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін ғана NVIDIA-ның Higgsfield стартабының инвесторы атанғаны белгілі болды. Әзірге қандай көлемде инвестиция салғаны белгісіз.

18 жастағыларға қандай кеңес береді?

Кездесу соңында министр Мәдиев Хуангтен 18 жастағыларға қандай кеңес бересіз деген сұрақ қойды. Ол әлбетте ЖИ-ді үйренуге шақырды.

«Компьютерді бағдарламалаудың орнына, жасанды интеллектіні бағдарламалауды үйрену керек. Қазақстандағы 18-дегі жастың орнында болсам, жасанды интеллектіні бағдарламалау бойынша әлемдегі ең үздік маман болуға бар күшімді жұмсар едім», – дейді NVIDIA басшысы.

Мәдиевтің техникалық дағдыны меңгеру керек пе әлде дұрыс промпт жазуды үйренген жөн бе деген сұрағына екеуі де қажет деп жауап қатты.

«Екеуі де керек. Жасанды интеллектіні ең жақсы бағдарламалайтын адам, оның қалай жұмыс істейтінін де түсінеді. Құрылғыны ең тиімді пайдаланатын адам да, оның жұмыс істеу принципін біледі», – дейді ол.

Дженсенг Хуанг / фото: Astana Hub тікелей эфирінен скрин / сапасы ЖИ арқылы өңделді

NVIDIA басшысы Қазақстанға «AI Month» шарасына арнайы қонақ ретінде келіп отыр. Кездесу соңында жи министрі Жаслан Мәдиев оған шапан жауып, шығарып салды.

Дженсен Хуанг – жасанды интеллект саласының дамуына үлкен үлес қосқан кәсіпкер, NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры. NVIDIA бастапқыда компьютерлік ойындарға арналған графикалық процессорлар шығарумен танылды. Қазір оның чиптері жасанды интеллектіні үйрету мен күрделі есептеулер жүргізуде кеңінен қолданылады. Бүгінде әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі деп саналады.

Сондай-ақ оқыңыз