Ерлік көрсеткен полицейлерге «Ғазиз Байтасов» медалі берілетін болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: ІІМ

Қазақстанда «Халық қаһарманы» атағы берілген Ғазиз Байтасовтың құрметіне ішкі істер министрлігінің ведомстволық медалі тағайындалды. Бұл туралы министрлік хабарлады.

Алғашқы медаль естелік ретінде батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиеваға табысталған.

Бұдан былай «Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов» медалі қызметтік міндетін атқару кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне беріледі.

Байтасовтың ерлігі

Полиция капитаны Ғазиз Байтасов 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында теракт кезінде ерлік көрсетіп, өз өмірін елдің қауіпсіздігі үшін құрбан етті. Оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты: олардың ішінде 5 құқық қорғау қызметкері мен 2 бейбіт тұрғын бар. Тағы бірнеше полицей жарақат алды. Полицияның мәліметінше, террорлық әрекетті 1977 жылы туған, джихад идеясын ұстанған азамат Мақсат Қариев жасаған.

Ол 11:35-те Тараздағы қару-жарақ дүкеніне баса-көктеп кіріп, күзетші Вячеслав Федорченконы атып өлтірді. Дүкендегі кездейсоқ сатып алушы Нұрғали Оразбасовты ауыр жаралаған, ол кейін жедел жәрдемде қаза тапты. Дүкеннен «Сайга» және «CZ» қаруларын және оқ-дәрілерді алып шыққан соң, қашып жүріп «ВАЗ-21099» көлігін иемденген. Қаланың орталығында Қариев жол кептелісінде көлігін тастап, жаяу қашқан.

Абай даңғылы мен Айтиев көшесі маңында қашқынды жол полициясы взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов қуып жетті. Екі арада атыс болды. Капитан Байтасов қылмыскерді жаралап, жақындап келгенде қолында граната барын байқады. Қарапайым тұрғындарды аман сақтау үшін офицер террористі жапырып, гранатаны денесімен жауып қалды. 12:52-де жарылыс болып, капитан Байтасов қаза тапты. Оның жанқиярлық ерлігі жүздеген адамның өмірін сақтап қалды.

2011 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағын және «Отан» орденін берді.

Елде «Халық Қаһарманы» атағын алғандардың тізімін мына жерден көре аласыз.

Жесірлерге берілетін жәрдемақы

Қазақстанда қызмет бабында қайтыс болғандардың әйеліне жәрдемақы өмір бойы төленеді. Бұл төлем әйел қайта некеге тұрған жағдайда тоқтатылады.

Үкіметтің 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №1048 қаулысына сәйкес, қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының 40%-ы мөлшерінде төленеді.  

Алайда бұған дейін қызметте қайтыс болған полицейлердің жесіріне 98 теңге жәрдемақы төленгені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз