Air Astana флотына жаңа Airbus ұшағы қосылды

Air Astana қараша айының басында Алматы – Астана – Алматы бағытына жаңа Airbus A321neo ұшағын шығаруды жоспарлап отыр. Германияның Гамбург қаласындағы Airbus зауытынан тікелей жеткізілген ұшақ Air Astana тобының әуе паркін толықтырды. Енді компаниялар тобының флотында 64 әуе кемесі бар, деп хабарлайды Kursiv.media.
Азаматтық авиация комитеті хабарлағандай, EI-KDL тіркеу нөмірі берілген жаңа ұшақ әуе компаниясының тасымалдау мүмкіндігін арттырып, сұранысы жоғары ішкі бағыттардың бірінде жолаушыларға қызмет көрсетуге көмектеседі.
«Жаңа әуе кемесінің алғашқы рейсі ағымдағы жылдың қараша айының басында Алматы – Астана – Алматы бағыты бойынша жоспарланған», – делінген ведомство хабарламасында.

Airbus A321neo – отынды үнемдеуге, жолаушыларға жайлы жағдай жасауға және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға бағытталған заманауи ұшақ. Оның флотқа қосылуы Air Astana тобының әуе паркін жаңғыртуға және жолаушылар тасымалының сыйымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда әуе компанияларының флотын кеңейту және жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, жаңа ұшақтар маршруттық желіні дамытуға және әуе тасымалының қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Тағы да оқыңыз: Алматы мен Астанадан Оманға тікелей рейстер ашылды