Көпқабатты үйлерді басқару тәртібі өзгеруі мүмкін

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Көпқабатты үйлерді басқару тәртібі өзгеруі мүмкін/ фото: kursiv.media

«Әділет» партиясы көпқабатты үйлерді басқару кезінде туындайтын мәселелерді шешу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнамаға түзетулер әзірлеп жатыр. Заңнамалық өзгерістерді 2027 жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Біздің қала» партиялық жобасы аясында көпқабатты үйлерді басқару жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағаларын ауыстыру, пәтер иелері туралы мәліметтерге қол жеткізу, жиналыстар мен дауыс беру тәртібі және ортақ үй есептегіштерінің жұмысы қаралды.

«Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй қорын басқару саласының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға МИБ, пәтер иелері кооперативтері (ПИК), басқарушы компаниялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандары мен кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 60 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен шешімін күткен мәселелері бар. Қазіргі уақытта 14 мыңнан астам үйге күрделі жөндеу қажет. Сонымен қатар тұрғын үй қорын күнделікті басқару барысында заңнамалық реттеуді талап ететін жаңа түйткілдер анықталып отыр.

«Тұрғын үй қатынастары туралы заң үнемі өзгеріп, дамып отыратын қоғамдық қатынастарды реттейді. Күнделікті тәжірибе жаңа мәселелерді анықтап отырады. Егер заңнама жаңартылмаса, уақыт өте келе ол тиімділігін жоғалтады. Сондықтан кәсіби қауымдастық пен көпқабатты үйлердің әрбір тұрғынын тыңдап, туындаған мәселелерге дер кезінде жауап беруіміз керек. Бұл ретте заңнамалық өзгерістер мен партиялық бақылау тетіктерін де пайдаланамыз», – деді Екатерина Смышляева.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – МИБ төрағасын ауыстыру тәртібі. Егер бұрынғы басшы қажетті құжаттарға қол қоюдан немесе оларды жаңа төрағаға беруден бас тартса, жаңа басшы өз міндетіне толыққанды кірісе алмайды. Осыған байланысты құжаттар мен өкілеттіктерді тапсыру тәртібін нақтылау ұсынылып отыр. Бұл басшылықты ауыстыру үдерісінің созылып кетуіне жол бермей, МИБ жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру және меншік иелері туралы мәліметтерге қол жеткізу мәселесі талқыланды. Апаттық жағдайлар мен басқа да төтенше оқиғалар кезінде басқарушы ұйымдардың тұрғындармен жедел байланыс орнатуы маңызды. Ол үшін байланыс деректерін өзектендіріп отыру және жеке мәліметтерді заңсыз пайдаланудан қорғауды қамтамасыз ететін қауіпсіз қол жеткізу тәртібін белгілеу қажет.

Бұдан бөлек, меншік иелерінің жиналыстары мен дауыс беру рәсімдері, шешім қабылдау кезінде меншік құқығын растау, МИБ-тердің банктермен және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылы, сондай-ақ үйге ортақ есептегіш құралдарының жұмысы қаралды. Қатысушылар қолданыстағы ережелердің қай тұстарын нақтылау керектігін және тұрғындар мен басқарушы ұйымдардың күнделікті жұмысындағы рәсімдерді қалай жеңілдетуге болатынын талқылады.

«Көпқабатты үйлерді басқару саласында шешуді қажет ететін бірқатар практикалық мәселе бар. Мәселен, қазіргі төраға жаңа басшыны тіркеу үшін қажетті электрондық цифрлық қолтаңбаны бермеуі мүмкін. Ал меншік иелері туралы өзекті мәліметтердің болмауы олармен байланыс орнатуды қиындатады. Бүгін осы мәселелердің барлығын талқылап, оларды шешу бағыттары мен мерзімдерін айқындадық», – деді «Шаңырақ» қауымдастығының атқарушы директоры Чинара Мамбеталиева.

Заңнамаға енгізілетін түзетулер бойынша жұмыс сала өкілдерінің ұсыныстары мен көпқабатты үйлерді басқару тәжірибесін ескере отырып жалғасады. Жаңа нормалар құқықтық олқылықтарды жоюға, ұйымдастыру мәселелерін шешуді жеңілдетуге және тұрғын үйлерді басқару жүйесін меншік иелері үшін түсінікті әрі тиімді етуге бағытталған.

Заңнамалық өзгерістерді 2027 жылдың соңына дейін қабылдау көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз