Мәслихат депутаттығына үміткерлерге қанша қаражат бөлінеді

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Мәслихат депутаттығына үміткерлерге қанша қаражат бөлінеді/ фото: Асқар Ахметуллин

Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт жүргізуіне республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшерін белгіледі, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалар, облыстар мен Астана мәслихаттарына үміткерлерге теледидар мен радио арқылы сөз сөйлеуге, сондай-ақ баспа немесе интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 410 мың теңгеге дейін қарастырылған.

Ал жария үгіт іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға 180 мың теңге, көлік шығындарына әр кандидатқа 110 мың теңге бөлінеді.

Қалалық және аудандық мәслихаттарға үміткерлер үшін қаражат мөлшері өзгеше

Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға сөз сөйлеу мен жарияланымдар үшін 400 мың теңге, үгіт іс-шаралары мен материалдарына 170 мың теңге, көлік шығындарына 80 мың теңге қарастырылған.

Аудандық мәслихаттарға үміткерлерге осы мақсаттар үшін тиісінше 290 мың, 130 мың және 80 мың теңге бөлінеді.

Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімдері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағы және 33-бабының 2-тармағы негізінде қабылданған.

Қаулылар Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссияларына жолданады. Олар өз кезегінде құжаттармен аумақтық және округтік сайлау комиссияларын, сондай-ақ бірмандатты сайлау округтері бойынша тіркелген кандидаттарды таныстыруға тиіс.

12 қазанда Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Осыдан кейін 13 қазанда өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтетіні белгілі болды.

Мәслихат депутаттары бес жылға сайланады. Сайлау науқаны кезінде 227 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Оның ішінде 668 мандат облыстық, 626 мандат қалалық және аудандық мәслихаттарға тиесілі болады.

Бұған дейін Құрылтайдағы брифингте ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдағы мәслихат сайлауына қажетті қаражат үкімет резервінен бөлінетінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз