Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыздың ісі: екі адам ұсталды

Түркия полициясы Ыстанбұлда қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты екі адамды ұстады. Олардың арасында марқұммен бірге тұрған көршісі мен оның сүйіктісі болуы мүмкін. Бұл туралы түркиялық DHA агенттігі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Ұсталғандардың бірі – 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. Ол Айсұлу Бекмахановамен бірге тұрған. Екінші күдікті – 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т. Әзірге олардың қазақстандық қыздың өліміне қатысы бар-жоғы және қандай күдікке ілінгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Қайғылы оқиға алдындағы жағдай
Түркиялық журналистер Айсұлу Бекмаханова қаза таппай тұрып түсірілген фотосуретті жариялады. Суретте қыз көрші ғимараттың шатырының шетінде отырған. Фотосуретті марқұммен бірге тұрған Дарья түсіргені анықталды.
Дарья полицияға берген жауабында таңғы сағат 08:15 шамасында құрбысын шатырдан көргенін айтқан. Ол қыздан кері қайтуын сұрағанымен, Айсұлу бас тартып, оған ұйықтай беруін ұсынған.
Кейін Дарья қатты музыкадан оянып, бөлмеде құрбысының жоқ екенін байқаған. Сыртқа қараған кезде көрші ғимараттың шатыры бүлінгенін көріп, төменде қимылсыз жатқан Айсұлуды байқаған.
Тергеу барысында қыз қаза болардан аз уақыт бұрын ықтимал сүйіктісімен кездескені де анықталған. Ер адамның айтуынша, Айсұлу оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келіп, 07:40-та кеткен.
Қазіргі уақытта полиция қыздың шатырға қалай және қандай себеппен шыққанын, сондай-ақ құлау алдында не болғанын анықтап жатыр.
Бұған дейін не белгілі болды?
Қайғылы оқиға 25 қазан күні Ыстамбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Сол кезде ол шатырдағы берік емес жабынға басып, төменге құлаған болуы мүмкін. Қыз оқиға орнында көз жұмды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қаза тапқанын растаған. Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Министрлік Түркияның құзыретті органдары жүргізіп жатқан тергеу барысын бақылауда ұстап отыр. Оқиғаның нақты мән-жайы әзірге анықталған жоқ.